Бүгін ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) және Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) өкілдерінен тұратын халықаралық делегациямен кездесті, олар отандық онкологиялық қызметтің дамуы туралы есепті ұсынды, - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Шетелдік сарапшылар Астана және Алматы қалаларындағы онкологиялық орталықтарға, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтына, Алматы қаласы №1 емханасының паллиативті көмек орталығына, С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетіне, Республикалық жоғарғы медициналық колледжіне барды.
Сонымен қатар ДДҰ және МАГАТЭ делегациясы обыр сырқатының көрсеткіштерін зерттеп, ҚР онкологиялық қызметін дамыту бойынша алда тұрған міндеттіріне және жетістіктеріне, ұлттық басымдылықтарына шолу жүргізді.
Тамара Дүйсеновамен кездесу барысында сарапшылар, Қазақстандағы онкологиялық қызмет жоспарлы түрде дамып жатқанын атап өтті, сонымен қатар ҚР-да обыр сырқатына скрининг жүргізуді күшейту бойынша ұсыныстар берді.
Кездесу соңында Тамара Дүйсенова сарапшыларға жүргізілген жұмыстары үшін алғыс білдірді және онкологиялық сырқатпен күресте ДДҰ және МАГАТЭ-нің тәжірибесін қолдануға дайын екенін жеткізді.
Қазақстанда медициналық-санитариялық алғашқы қызмет ұйымдарында 347 онкологиялық кабинет және 18 онкодиспансер жұмыс жасайтынын естеріңізге сала кетейік. Онкологиялық кабинеттердің жұмысы қатерсіз және қатерлі ісікке шалдыққан пациенттерді ерте диагностикалау және сауықтыруда негізгі орын алады. Онкологиялық ауруларға шалдыққан пациенттердің канцер-регистрі жүргізіледі.