Шетелдік сарапшылар Алматының даму әлеуетіне жоғары баға берді

Алматыда сәулет және қаланы дамыту жөніндегі SHARE Kazakhstan 2026 халықаралық форумы өтіп жатыр. Форум аясында қаладағы қоғамдық орындардың жаңаруы, жүргіншілерге қолайлы орта қалыптастыру және қаланың туристік тартымдылығын арттыру мәселелері талқыланды, – деп хабарлайды Massaget.kz.

Форумға қатысқан LDA Design халықаралық жобалау компаниясының директоры Бенджамин Уокер мен Gehl халықаралық компаниясының жобалар жөніндегі директоры Александр Спитцер Алматыдағы өзгерістерге баға беріп, қаланы дамытудың болашақтағы бағыттарын атады.

Бенджамин Уокердің айтуынша, Алматының қарқынды дамуы мен жас тұрғындардың сұранысы сәулетшілер мен жобалаушыларға жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Бұл тұрғындардың қажеттілігіне және өзгеріп жатқан өмір салтына сай қоғамдық орын құруға жол ашады.

«Алматының дамуы өте қызық. Менің ойымша, қала көптеген мәселеге тап болғанымен, оларды шешудің шынымен таңғаларлық жолдарын табуда», – дейді Бенджамин Уокер.

Ол қалалық ортаны жоспарлау кезінде жайлылық пен алуан түрлі мүмкіндіктер күтетін жас ұрпақтың мүддесін ескеру қажет екенін атап өтті. Сарапшының пікірінше, мұндай тәсіл қарқынды дамып келе жатқан мегаполистер үшін ерекше маңызды.

Александр Спитцер де Алматыдағы оң өзгерістердің байқалатынын айтып, қоғамдық кеңістіктерді тұрғындардың күнделікті өміріне бейімдеуге назар аударды. Оның айтуынша, жаңа аумақтар ашумен қатар, қолданыстағы орындарды тиімді пайдалану қажет.

«Менің ойымша, мұнда дамуға зор әлеует бар. Қаладағы оң өзгерістер қазірдің өзінде байқалады. Қала аумағын қайта бөліп, жүргіншілерге басымдық беру маңызды. Жайлы қалалық орта үлкен саябақтар мен алаңдардан ғана емес, қарапайым жүргінші жолдарынан, аулалардан және үй маңындағы шағын кеңістіктерден де қалыптасады», – деді Александр Спитцер.

Маман мысал ретінде Нью-Йорктегі Таймс-сквер алаңының жаңаруын келтірді. Онда бұрын автокөліктерге арналған аумақтың бір бөлігі жаяу жүргіншілерге берілген.

Спитцер Алматы үшін "15 минуттық қала" тұжырымдамасын дамытудың да болашағы зор екенін айтты. Бұл тәсіл тұрғындардың күнделікті негізгі қажеттіліктерін үйінен жаяу жүріп, қысқа уақыт ішінде орындап шығуын көздейді.

«Алматы үшін бұл қол жеткізуге болатын мақсат. Қалада жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай қалыптасқан: жүргінші жолы кең, аудандар арасындағы байланыс жақсы дамыған, жасыл желек мол», – деп атап өтті ол.

Форумда Қазақстанның туристік әлеуеті де сөз болды. Бенджамин Уокер саяхатшылардың жаңа бағыттарды іздеуге, ерекше әсер алуға және өзге мәдениеттермен танысуға қызығушылығы артып келе жатқанын жеткізді. Оның пікірінше, қалалық ортаны дамыту мен туристік мүмкіндіктерді ашу Алматының тұрғындар үшін де, шетелдік қонақтар үшін де тартымдылығын арттыра алады.

Александр Спитцер қоғамдық кеңістіктерді қалалық ортамен үйлестіру мегаполисті күнделікті өмірге қолайлы ете түсетінін атап өтті.