- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Шетелдік көлікті заңдастыру...
Шетелдік көлікті заңдастыру үшін не білу керек? Басты сұрақтарға жауап
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік тіркеуден өтпеген шетелдік көліктерді біржолғы заңдастыру туралы жариялаған болатын. ҚР ІІМ ӘПК төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев осы мәселеге қатысты сұрақтарға жауап берді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
- Басқа елде тіркелген көлікті есептен шығару қажет пе? Азаматтар көліктің есептен шығарылғаны жөнінде қалай біле алады?
"Заңдастыру үшін көлікті есептен шығару қажет. Біз оны есептен шығарғаннан кейін ғана Қазақстанда тіркеуге қоя аламыз. Бұл - кәдімгі рәсім. Ел ішіндегі автокөліктерді де алып сату кезінде тіркеуден шығарып, сатып алушының атына тіркеуге қойылады. Бұл автокөліктердің тіркеуде тұрғаны не болмаса сол тіркеуден шыққаны туралы ақпаратты білу үшін Қазақстан азаматтарына осы көлік тіркеуде тұрған елге барудың қажеті жоқ. Көп жағдайда сатушылар үшін ол көліктердің өз атында тіркеуде болуы тиімсіз. Себебі сатылып кеткен көлік өз атында тіркеуде тұратын болса, ол кісілер салық төлеуге мәжбүр. Осыған байланысты, әдетте, бұрынғы иелері көлік сатылғаннан кейін өздері өтініш беріп, көлікті есептен шығарады. Осы көліктерді тіркеуден шығу деректерін бүгінде қашықтан тексеруге техникалық мүмкіндігіміз бар. Кейбір жағдайларда көліктерді тіркеуден шығару үшін арнайы сұраулар жіберуге де болады. Айта кетейік, көліктердің басқа елдегі тіркеуден шығуы өте маңызды. Өйткені басқа елде тұрған сол көліктерде әртүрлі шектеулер болуы мүмкін. Егер біз оны шетелдік тіркеуден шығармай, Қазақстанда тіркеуге қоятын болсақ, құқықтық мәселелер туындауы ықтимал", - деп түсіндірді ол.
- Қандай көліктер кедендік тазартудан өтуі керек?
"Кедендік тазартудан Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден әкелінген көліктер өтуі тиіс. Бұл - жалпы тәртіппен жүзеге асырылатын әдеттегі процедура. Мысалы, біз АҚШ-тан немесе Біріккен Араб Әмірліктерінен көлік әкелген кезде міндетті түрде көлікке кедендік тазарту жүргіземіз. Сондықтан бұл мәселеде ешқандай өзгеріс жоқ. Қырғызстаннан келген көліктерге тоқталатын болсам, Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одаққа кіргеніне қарамастан, онда көліктер Еуразиялық экономикалық одақ үшін көзделген төмен мөлшерлемелер бойынша кедендік тазартудан өткенін және бұл көліктер ішкі тұтынуға арналған көліктер болып саналатынын атап өткен жөн. Осыған байланысты оларды Қазақстанда тіркеу үшін Еуразиялық экономикалық одақтың мөлшерлемелері бойынша кедендік баждар айырмасын қосымша төлеп, толық кедендік тазартудан өту қажет. Әр жағдайда есептеу көлік класына байланысты жеке жүргізіледі. Мысалы, орташа есеппен Қырғызстаннан әкелінген Toyota Camry автокөлігіне төленетін кедендік баж мөлшері шамамен 400 мың теңге болады", - деді ІІМ өкілі.
- 2023 жылғы 12 қаңтарда заңнамалық түзетулер күшіне енді. Осыған сәйкес Қазақстан азаматтары енді көлікті шетелдік есепке ала отырып, автосақтандыруды ресімдей алмайды. Автокөлікті 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелген азаматтарға не істеу қажет?
"Қазақстан азаматтары 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген көліктерге автосақтандыруды заңдастыру аяқталған күнге дейін, яғни 2023 жылғы 1 шілдеге дейін ресімдей алады. Себебі бұл көліктер қазір Қазақстанда заңдастыруға және тіркеуге жататын мәртебеде. 2022 жылғы 1 қыркүйектен кейін әкелінген көліктерді сақтандыру полистері арқылы қолдану сол полисте көрсетілген мерзімге дейін жарамды. Ал мерзімі өткеннен кейін жалпы негізде тіркеуі қажет немесе оларды республикадан тыс елдерге шығару керек", - деді ол.
- Көлікке ресми құжаттары жоқ автоконструкторлардың иелері не істеуі керек?
"Біріншіден, олар бұрын да заңсыз пайдаланылғанын айтқан жөн. Бұл көліктер Қазақстанға қосалқы бөлшектер түрінде әкелінген, кедендік тазартудан өтпеген. Әдетте, оларды бөлшектеп сату үшін әкеледі. Екіншіден, осындай көліктер Қазақстанда көршілес мемлекеттерде берілген жалған техпаспорттар мен жалған мемлекеттік нөмірлер бойынша пайдаланылады. Бұндай көліктер заңдастырылмайды. Нәтижесінде, олар Қазақстаннан тыс жерге шығарылып немесе бөлшектеп сатылуы қажет", - деп түсіндірді Қайсар Сұлтанбаев.
@massaget.kz #көлік#сақтандыру#полис#страхование#рек#хочуврек#машина#транспорт#рек#хочуврек ♬ оригинальный звук - Massaget.kz
Еске салайық, бұған дейін ІІМ Қазақстанда шетелдік көлікті қалай заңдастыру керегі туралы мәлімдеме жасағаны хабарланды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова