- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Шетелдік азамат әдепсіз...
Шетелдік азамат әдепсіз әрекеті үшін Қазақстаннан шығарылады
Сот қаулысымен шетелдік азамат әдепсіз мінез-құлқы үшін қамаққа алынып, кейін елден шығарылатын болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қоғамдық орында әдепсіз мінез-құлық көрсеткені (ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігі) және шетелдiктiң ҚР халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін (ӘҚБтК 517-бабының 5-бөлігі) құқық бұзушы К.-ға қатысты 2 істі қарады.
Істің мән-жайы бойынша К. қоғамдық орында болған кезінде бұрын таныс емес әйелге әдепсіз мінез-құлық көрсеткен. Сонымен қатар, құқық бұзушы құрылыс алаңында рұқсатсыз жұмыс істеген. Құқық бұзушы өз әрекеттерімен қоғамға құрметсіздік танытып, қоғамдық тәртіпті бұзды.
Жасалған құқық бұзушылықтардың мән-жайлары іс материалдарымен, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамалармен, полиция қызметкерінің баянатымен және бейнежазбалармен расталды.
Сот қаулысымен К. ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі және 517-бабының 5-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін кінәлі деп танылды.
Құқық бұзушы К.:
- ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі бойынша 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алынды;
- ӘҚБтК-нің 517-бабының 1-бөлігі бойынша ҚР шегінен шығарылды.
Қаулылар заңды күшіне енген жоқ.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
М. Лұқпан