Шетелдік әуекомпанияларының ұшақтары бірқатар отандық әуежайға шектеусіз қона алады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Азаматтық авиация комитетіне сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, әуе көлігінің қолжетімділігі мен дамуы үшін қазақстандық әуе тасымалдар нарығының тартымдылығын арттыру мақсатында "ашық аспан" режимін одан әрі жетілдіріп жатыр.
Атап айтқанда, министрлік "ашық аспан" режимін енгізу туралы бұйрыққа шетелдік әуе компанияларына 5-дәрежелі "әуе еркіндігін" пайдалану құқығын беру арқылы бұрын-соңды қолданыста болған шектеулерді алып тастауға бағытталған өзгерістер енгізілді.
Осылайша, шетелдік әуе компаниялары Қазақстанның бірқатар әуежайына әуе кемелерінің типтері мен жиілігіне қарамастан, оның ішінде бағыттар бойынша шектеусіз 5-ші дәрежелі "әуе еркіндігімен" ұшуды орындай.
Қолға алынған бұл шаралар бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік беріп, өз кезегінде әуе билеттерінің құнын төмендетуге және ұшу географиясын кеңейтуге ықпал етеді деп көзделіп отыр.
Айта кетейік, "Ашық аспан" режимі Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау, Ақтөбе, Қарағанды, Түркістан, Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Тараз, Петропавл, Семей қалаларының әуежайларында қолданылады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз