Шетелдерде өз бетінше діни білім алғандарды Қазақстанда қайта оқыту керек - сенатор

Шетелдерде өз бетінше діни білім алғандарды Қазақстанда қайта оқыту керек - сенатор
Фото: parlam.kz

Сенатор Нұртөре Жүсіп шетелдерде өз бетінше діни білім алғандарды елімізде қайта оқыту керегін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сенатор премьер-министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдады.

"Рас, Қазақстан - демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет. Конституцияға сәйкес бізде ар-ождан бостандығы бар. Иман - жүректе. Ізгілік - тілекте. Азамат қай дінді ұстанады? Оның сенім-нанымы қандай? Әркімнің өз еркі. Бұған Ата заңда кепілдік берілген. Бірақ солай екен деп өзіміз өмір сүріп отырған қоғамды ала тайдай бүлдіруге, өз діни ұстанымын өзгеге таңуға, топ құрып, жік-жікке бөлінуге жол беруге болмайды. "Домбыра - харам, сәлем салу - харам, елдің бәрі хиджаб пен нихаб киюі керек" деген талаптар Конституциямызға қайшы келед", - деді ол Сенаттың жалпы отырысына.

Оның айтуынша, қоғамды екіге бөліп, Қазақстанды орта ғасырдағы деңгейге жеткізгісі келетін белгісіз күштер бар.

"ХХІ ғасыр - жаһандану заманы. Өркениет көшін бастап келе жатқан мемлекеттер қайда? Біз қайдамыз? Озық жұрт қазір жасанды интелектпен, технологиялық жетістіктермен айналысып жатқанда, біз елімізді орта ғасырдағы деңгейге сүйремекпіз бе? Ұлттық құндылықтар - қазіргідей жаһандану кезеңінде жастарды түрлі гибрид, субмәдениеттердің ықпалына түсіп кетуден қорғайтын бірден-бір иммунитет. Біздің ата салтымыз бар. Халықтық қалпымыз бар. Қанша дәуірден бері қалыптасқан ұлттық құндылықтарымыз бар. Солардың бәрін тәрк етеміз бе? Ата дінімізді ардақтаудың, салт-дәстүрімізді сақтаудың орнына бүкіл қоғам болып өзге ағымдардың жетегінде кетеміз бе? Мәселе дабыл қағарлық деңгейге жетті. Елімізде дінге қызығушылардың орташа жас мөлшері жасарып келеді. Бейресми деректерге сәйкес діни білім ізденушілердің 75 пайызы ашық интернет ресурстарды пайдаланады. Өз кезегінде деструктив күштер ақпараттық кеңістіктің барлық мүмкіндігін өз қызметінде оңтайлы пайдаланып отыр", - деді депутат.

Сенатор бүгінде интернет ресурстар арқылы ислам дінінің кейбір ұстанымдарын алға тартып, салт–дәстүр мен ұлттық құндылықтарымызды жоққа шығаруға тырысқан контенттер көбейгенін ашық айтты.

"Соның салдарынан өз азаматтарымыз тарапынан салт–дәстүріміз бен ұлттық құндылықтарымызға, дәстүрлі мәдениет пен өнерге қарсылық білдіру, мемлекеттік рәміздер мен кейбір мерекелерді құрметтемеу, заңмен белгіленген әскерде қызмет ету, орта білім алу сынды ортақ міндеттерден, медициналық рәсімдердің кейбір түрлерінен бас тартуы сынды зайырлы қоғам талаптарына сай келмейтін қарсылықтар анық байқалып жатыр.

Сондай-ақ, жастардың фокусын жалпыға ортақ оқу-білімнен, парасатты пайымнан, заманауи құндылықтардан бұрмаланған таяз діни түсініктерге бұрып әкету әрекеттері ашық жүріп жатыр", - деді ол.

Нұртөре Жүсіп жат діни ағымның жетегінде жүргендер барлық салада барын, оларға қоғамға қауіпті болуы мүмкін екенін жеткізді.

"Радикалды идеология жетегінде жүрген азаматтар қоғамның барлық саласында қызмет етіп жүр. Олар сырттай ашық қарсылық танытпағанымен, іштей сол ағымда. Қазір сыртқы күштер түрлі қоғамдық қорлар, бірлестіктер ретінде құрылып, ағарту, білім беру, әлеуметтік қолдау көрсету, қаржылай гранттар бөлу сияқты бір қарағанда "жанашырлық" шаралармен айналысып жүргендей. Яғни "жұмсақ күштер" теріс пиғылдарын жүзеге асырып, "әлеуметтік", "қайырымдылық" шаралар арқылы олар өз жақтастарын көбейтіп жатыр. Бұлардың отбасында өсіп келе жатқан балалардың саны мен олардың айналасындағы адамдарға ықпалын ойлаудың өзі қорқыныш туғызады.

Сарапшылар деструктив діни идеологияның жетегінде кетудің бірден-бір факторлары бұл - білімнің таяздығы, жұмыссыздық белең алуын атайды. Сондай-ақ, осыларды еңсеруге бағытталған әлеуметтік бағадарламаларға қолжетімсіздігін айтып отыр", - деді сенатор.

Депутат қазір осындай сырт күштерден азаматтарды арашалап алуға көмектесетін сауатты теологтар мен имамдар да тапшы екенін айтты.

"Себебі елімізде имамдарды дайындайтын 9 медресе мен бір ғана университет жұмыс жасайды (Нұр-Мүбарак - еск.). Нәтижесінде Иордания, Египет, Түркия, Сауд Арабиясы және тағы басқа шетелдерден бейресми өз бетімен барып оқып жатқан азаматтар аз емес. Олардың білімінің иделогиялық бағыты мен дәстүрлі дінімізге сәйкестігі сұрақ тудырады. Жоғарыда аталған жағдаяттардың алдын алуға, осы саладағы құзырлы органдардың арасында өзара үлестірудің және тәукелдерді басқаруда жүйелі, бірізді жұмыстардың болмауы да бірден-бір себеп.

Мәселен, өткен жылдарда өңірлерде дін істері басқармалары ашылып, көп уақыт өтпей "оптимизация" деген желеуімен жабылды. Тек 2021 жылғы мамырдағы Президенттің тапсырмасынан кейін жеке басқармалар болып қайта құрылды. Соған қарамай Абай, Жетісу, Шығыс Қазақстан облыстарында бұл басқармалар әлі күнге ашылмай отыр.

Тағы бір мысал, 2019 жылы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасы Парламентте қаралып, бірқатар жақсы норма ұсынылды да. Алайда заң бастамашысы Үкімет заң жобасын кері қайтарып алды. Көріп отырғанымыздай, біз өзімізге келер қауіпті байқасақ та, онымен күресте табындылық көрсете алмай отырмыз", - деді ол.

Осыған байланысты Нұртөре Жүсіп Үкімет басшынан жастарды деструктив ағымдардың жетегінен қорғау үшін мына шараларды қабылдауды сұрады:

  • Бірінші, шетелдердің озық тәжірибесін зерделей отырып, қолданыстағы заңнаманы ұлттық дүниетанымды ескере отырып жетілдіру;
  • Екінші, ұлттық құндылықтарды мемлекеттік деңгейде насихаттау, БАҚ-та, мектеп және отбасында, қоғамдық институттарда кеңінен таным-түсінік жұмыстарын жүргізу;
  • Үшінші, Дін істері басқармаларын барлық өңірде бөлек басқарма ретінде қайта ашу және олардың кадрлық әлеуетін күшейту;
  • Төртінші, өңірлердегі Діни проблемаларды зерттеу орталықтарының материалдық-техникалық әлеуетін арттырып, қызметкерлерінің жалақыларын көтеру;
  • Бесінші, өңірлердегі Жастар ресурстық орталықтарының әлеуетін көтеріп, жастарды деструктив ағымдардың ықпалынан сақтандыру және алдын алу бойынша кешенді іс-шаралар ұйымдастыру нысаны ретінде пайдалану;
  • Алтыншы, шетелдерден өз бетінше діни білім оқып келіп жатқан азаматтарды, қайта даярлықтан өткізетін және дипломдарын аккредитациялайтын ұлттық дәстурге негізделген орталық құру және де Үкімет бұл өзекті мәселелерді қатаң бақылауда ұстауы керек.

Аяз Есен

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Massaget.kz