- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Шетелде қомақты ақша...
Шетелде қомақты ақша тапқысы келген азаматтар сан соғып қалды
Шетелге барып қомақты ақша табуды көздеген азаматтар сан соғып қалды. Әрқайсысы өзге елден "жұмыс табуға көмектесеміз" деген компанияға миллионға жуық теңгеден аударған. Алайда арамыздан "Англияға ақша табуға аттанған адам көрмедік" дейді. Бармағын шайнап қалғандар енді кімнен көмек сұрарын білмей дал. "Алдандық" деген азаматтар бүгін серіктестіктің кеңсесіне жиналды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Ондаған қазақстандық Англияға жұмыс істеуге барамыз деп, Алматыдағы "аты өзгере беретін" серіктестікке қомақты қаражат құйдық дейді. Ең азы 750 мың теңгеден бастап миллион теңгеге дейін санап берген. Қолына келісімшартты ұстатқан. "Жалақысы айына миллион теңгеден асады" деп сендірген. "Алдандық" деген азаматтардың қатарында Қостанай, Астана, Шымкент,Түркістан облыстарының тұрғындары да бар.
"2022 жылы мамырда Инстаграмнан "Жұмыс істе" деген компанияны таптық. Әлімжан деген бір жігіт, менеджер, "үш орын қалды", "төрт орын қалды", "ертерек алып алыңыз" деп, Чехияға зауытқа жібереміз деген. Содан үш орын қалды, "екі-үш айдың ішінде кетіп қаласың" деді. "Жалақың миллион болады" деді", - дейді Шымкент тұрғыны Ғабит Айтпаев.
Хамит Қайролла Астана қаласының тұрғыны. Былтыр нәпақа табу үшін шетел асуға шешім қабылдайды. Әлеуметтік желіден "Табысты бол" деп аталатын компанияның парақшасын тауып алып, Англияға жібереміз деген жарнамасына "ұрындым" дейді.
"Бұл компанияны Инстаграмнан тапқанбыз. Пікірлері керемет екен. "Жұмыс істе" деп аталған. Ал екі айдан кейін "Табыс тап" деп өзгертіп тастапты. Міне, басқа атпен аталып жатыр. Англияға, далада істейтін жұмысқа жібереміз деген. Маусыммен, алты айлық жұмысқа. Алты ай өтті, жұмыс та жоқ, ақша да жоқ, ешнәрсе жоқ", - дейді Астана тұрғыны Хамит Қайролла.
Алданғандардың көбі бұл компанияны әлеуметтік желіден тапқан. Көрсетілген мекенжайына хабарласып, келісімшартқа онлайн қол қойған. Содан кейін қаржы аударған. Тіпті кейбірі несие рәсімдеп, бар ақшасын берген.
"Инстаграм арқылы таптым. Желтоқсанның 28-і күні 700 мың деді, мен 620 мың бердім, 80 мыңды келген соң берсеңіз болады деді. Бір шарт жіберді, мәз болып қол қойдық. "Оның ішіне ештеңе кірмейді, оның бәріне өзін төлейсің, жолыңа да, визаңа да өзің төлейсің, ар жаққа барғаннан кейін де ақшаңды өзің төлейсің" дейді", - дейді Түркістан тұрғыны Әшімхан Исабаев.
Ал компания "Осы жылдың өзінде мыңнан астам адамды шетелге жібердік" деп отыр. "Ал бас тартқандардың ақшасы еш қиындықсыз қайтарылып жатыр" дейді.
"Егер ол тоғыз айдан кейін ешқайда кетпеген болса, онда ол ақшаны қайтару туралы арыз жазады. Екі-үш ай ішінде 100% қайтуы керек. Егер адам дәл мерзімнің аяқталуын күтпесе немесе Англияға ұшпаса, онда бұл ұстап қалу ретінде саналады. Ақшаны қалай қайтаратынымызды шешеміз. Ол үшін әркіммен жеке келісемін. Мүмкін соның нәтижесінде шағым қалмас. Келіссөздерден кейін компания өкілдері клиенттермен есеп айырысуға шешім қабылдады. Адамдарға ақшасын қайтарды, бірақ әлі де толық емес", - дейді компания өкілі Даниель Гратий.
"Алдандық" деген азаматтардың біразына қаражат қайтарылған көрінеді. Ал қалған зардап шеккені ақшасын түгеел алмайынша, қайтпайтынын айтты.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан