Шетелде әйелін ұрып өлтіргендерге қандай жаза көзделген?

Әйелін 8 сағат бойы аса қатыгездікпен ұрып өлтіргені үшін 24 жылға сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі қазақ қоғамын ғана емес, бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Өкінішке қарай, Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбы белең алып тұр. Өйткені, ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің (БП ҚСжАЕК) деректері бойынша отбасылық-тұрмыстық жанжалдар аясында барлығы 47,6 мың әкімшілік іс тіркелген, қаңтар-желтоқсан айларында Салтанат Нүкеновадан басқа елде 135 әйел қаза тапқан. Ал сенатор Жанна Асанованың айтуынша, 69 әйел отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қайтыс болған. Яғни, кем дегенде өлтірілген әрбір екінші әйел жақын адамының қолынан көз жұмды. Алайда күйеуі әйелін өлтіретін жағдайлар Қазақстаннан да басқа елдерде кездеседі. Осыған байланысты Massaget.kz тілшісі шетелде әйелін ұрып өлтіргендерге қандай жаза көзделгенін анықтап көрді.

Ең алдымен, Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы жекелеген қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін қандай жауапкершілік қарастырылғанын көрейік. 

Қазақстанда денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 3 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін. Ал азаптағаны үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе 1000 АЕК дейін айыппұл салынады. Кісі өлтіргені үшін 8 жылдан өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылған.

Фото: Ашық дереккөз

РЕСЕЙ - "Өлтіріп, денесін бөлшектеп, өртеп жібергені үшін 9 жыл" 

Негізі Ресейде ұрып-соғып, денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін 360 сағатқа дейін міндетті жұмыс тағайындалады немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айырады. Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін. Ал азаптағаны үшін 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Кісі өлтіргені үшін 6 жылдан өмір бойына бас бостандығынан айыруы мүмкін.

Тәжірибе:

"2023 жылы жазда Омбы облысы Тара қаласының 36 жастағы тұрғыны күйеуімен жанжалдасып қалғаннан кейін жоғалып кеткен. Ерлі-зайыптының екі баласы бар, кенжесі 9 айлық. Әйелді полиция мен еріктілер 3 апта бойы іздеді. Кейінірек үйдегі диваннан қан іздері табылды. Жоғалған әйелдің 33 жастағы күйеуі жұбайын өлтіргенін мойындады. Тергеу амалдары барысында ер адам жанжал кезінде әйелінің басына балтамен соққы бергені белгілі болды, содан кейін денені көлікпен Тарадан 3 шақырым жердегі орманға алып кетіп, онда қылмыстың ізін жасыру үшін денені бөлшектеп, жанғыш сұйықтық құйып, өртеп жіберген. Ол Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексінің 105-бабының 1-бөлігі - "кісі өлтіру" бойынша кінәлі деп танылып, 9 жылға бас бостандығынан айырылды".

ҚЫРҒЫЗСТАН - "Әйелін өртеп жіберген ер адамға 20 жыл"

Қырғызстанда ұрып-соғып, денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін 200 АЕК айыппұл салынады немесе 100 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартады. Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 3 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін. Ал азаптағаны үшін 1 жылдан аса уақытқа түзеу жұмыстары тағайындалады немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айырады. Кісі өлтіргені үшін 8 жылдан өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін қарастырылған.

Тәжірибе:

"2011 жылы 1 мамырда Ыстықкөл облысы Кеңсу ауылында Самат Райымбеков қызғаныштан әйелі Мария Сұлтанованы өртеп жіберген. Олардың үш баласы бар. Алдымен Тюп соты айыпталушыны Қылмыстық кодекстің "кісі өлтіру" және "денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" баптары бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыруға үкім шығарған. Кейінірек облыстық сот сотталушыға қатаң режимдегі колонияда 20 жыл тағайындады".

АҚШ - "Әйелін 12 калибрлі мылтықтан атып өлтірген ер адам өмір бойына сотталды"

Америка Құрама Штаттарында ұрып-соғып, денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін 6 айдан 2 жылға дейін бас бостандығынан айырады. Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін азамат 2 жылдан өмір бойына дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал азаптағаны үшін 2 жылдан өмір бойына дейін бас бостандығынан айырады. Кісі өлтіргені үшін 4 жылдан өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін қарастырылған.

Тәжірибе:

"2016 жылы қыркүйекте Лоуренс және Бьянка Рудольфтар Замбияға аңшылыққа барады. Бір айдан соң Кафуэ ұлттық саябағындағы аңшылық үйде Лоуренс Рудольф әйелінің жүрегіне 12 калибрлі мылтық атып-өлтіріп, кісі өлтіруді жазатайым оқиға ретінде көрсетуді көздеген. Содан кейін, АҚШ-қа оралып, 4 миллионнан астам долларға алаяқтық өмірді сақтандыру туралы шағым түсіреді. Ол қылмысты мойындамай, тергеушілерге жуынатын бөлмеде болғанында оқ атылғанын естігенін айтады. Оның сөзінше, әйелі мылтықты қорапқа салып жатқанда мылтық кездейсоқ атылған, ал әйелін еденде қансырап жатқан жерінен тапқан. Алайда прокурорлар мұны "қасақана қылмыс" деп атап, Рудольфті әйелін сақтандыру ақшасы үшін және көңілдесі Лори Миллиронмен бірге болу үшін өлтірді деп айыптады.

Сонымен, Лоуренс Рудольф 30 жыл бірге тұрған әйелін өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Оған өтемақы ретінде 4 877 744 доллар, сондай-ақ 2 миллион доллар айыппұл салынды. 

Ал Лори Миллирон кісі өлтіруде сыбайлас болғаны және сот төрелігіне кедергі жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 17 жылға бас бостандығынан айырылды".

Лоуренс Рудольф

ФРАНЦИЯ - "Әйелін ұрып-соғып өлтіріп, өртеп жіберген ер адамға 25 жыл"

Францияда ұрып-соғып, денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін 3 жылға бас бостандығынан айырады және жәбірленуші еңбек ету қабілетінен айырылмаса да 300 мың франк айыппұл салынады. Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 10 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал азаптағаны үшін 20 жылға бас бостандығынан айырады. Кісі өлтіргені үшін 15 жылдан өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін қарастырылған.

Тәжірибе:

"2017 жылы қазанда Алексия Давалидің денесінің күйген қалдықтары Францияның шығысындағы Грей-Ла-Виль қалашығының жанындағы бұтақтардың астында жасырылған күйінде табылды. Алдымен, марқұмның күйеуі әйелінің жүгіруге кетіп, қайта оралмағанын айтады. 3 айдан кейін Джонатан Даваль әйелін өлтіргенін мойындады. Ол жанжал кезінде әйелін ұрып-соғып, оны бетон қабырғаға ұрып, тұншықтырып өлтірген, артынан денесін өртеп жіберген. Сонымен францз соты айыпталушыны 25 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды".

Фото: Фоторобот - Джонатан Даваль

ГЕРМАНИЯ - "Әйелін пышақтап өлтірген ер адамға 5 жыл"

Германияда ұрып-соғып, денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін айыппұл салынады немесе келтірілген зиянның дәрежесіне байланысты 5 жылға дейін бас бостандығынан айырады. Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 3 айдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал азаптағаны үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айырады. Өлтіргені үшін қылмыстың ауырлығына байланысты 3 жылдан өмір бойына бас бостандығынан айыру көзделген. 

Тәжірибе:

"2022 жылы қазанда Грузия азаматы жұбайына босқындарға арналған контейнерде пышақ сұғып өлтірген. Марқұмның қызы мен өгей қызы қылмыстың куәгері болған. Берлин соты украиндық жұбайын өлтірген грузинді 5 жылға соттады. Сот ер адамды аффект жағдайында болған деп таныды. Қайғылы жағдайға әйелдің келісімсіз ортақ қаражатты жұмсауы себеп болды. Сондай-ақ, сотталушының айтуынша, оның әрекетіне "Германиядағы өмір сүру жағдайы" әсер еткен.

Германияға қашқанға дейін айыпталушы отбасымен Харьковта тұрған, Берлинге келгеннен кейін олар әйелінің атынан банктік шот ашады, онда украиналық босқындарға төленетін мемлекеттік жәрдемақы түсіп отырған. Ер адамға азаматтығына байланысты шот ашылмайтын болғандықтан, оған төленетін төлем де әйелдің шотына түскен.

Олар Берлинде үш ай бірге тұрады. Әйел өзіне қымбат киім сатып алып, күйеуіне тіпті шаш қиюға қаражат бермеген көрінеді. Қылмыс болған күні ер адам әйелінен Германия оған есепшотқа аударған 1,8 мың еуроның кем дегенде жартысын беруін өтінеді, жұбайы бас тартады, содан ол әйелін өлтіреді".

ЩВЕЦИЯ - "Әйелін өлтірген ер адам өмір бойына сотталды"

Щвецияда ұрып-соғып, денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін айыппұл салынады немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айырады. Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 1 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал азаптағаны үшін 1 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырады. Өлтіргені үшін 10 жылдан өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін қарастырылған.

Тәжірибе:

"2021 жылы 19 қарашада Жан Увизей есімді руандалық ер адам балалар саябағынан үйге оралғаннан кейін 31 жастағы әйелі Диана Ингабирені тыныссыз тауып алғанын айтып, Тирес муниципалитетінің (Стокгольм, Швеция) полициясына хабарласқан. Алайда бірнеше сағаттан кейін 38 жастағы ер адам қамауға алынады. Марқұмның бұған дейін күйеуінен кету туралы жоспарлап жүргені анықталды. Наки аудандық соты Увизейді әйелін өлтіргені үшін кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айырды. Ол жазасын өтеу үшін Руандаға жер аударылуы мүмкін".

Жан Увизей

Тағы да оқи отырыңыздар: Айдың 22 күні туған адамдар қандай болады?

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!