- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Шет мемлекет басшылары...
Шет мемлекет басшылары Тоқаевқа және Қазақстан халқына не тілеп жатыр?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Наурыз мейрамына орай шет мемлекеттердің басшыларынан құттықтаулар келіп түсіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев құттықтау жеделхатында ежелден бастау алатын Наурыз мейрамының философиялық мән-мазмұнында қазақ пен өзбек халықтарына ортақ әдет-ғұрыптар мен құндылықтар көрініс тапқанын атап өтіп, екі халық та бұл мерекені зор үмітпен қарсы алатынын айтқан.
"Өзара тату, көршілес елдер ретінде арамыздағы ынтымақтастық екі халықтың мүддесіне сай дами түсетініне сенімдімін. Жоғары деңгейдегі байланыстарды одан әрі жандандырып, стратегиялық серіктестігіміз бен одақтастық қарым-қатынасымызды нығайта түсуге мүмкіндігіміз мол", – деп жазылған жеделхатта.
Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров өзінің жеделхатында жыл басы саналатын әрі ынтымақ-бірлікке шақыратын Наурыз мейрамында бауырлас қазақ халқына бақ-береке тіледі.
"Осы жыл біздің елдеріміз үшін даму жылы болады деп ойлаймын. Ортақ рухани құндылықтар мен достыққа, сондай-ақ стратегиялық серіктестікке негізделген жан-жақты қарым-қатынасымыз ортақ күш-жігеріміздің арқасында жүйелі түрде дами беретініне сенімдімін", – деп жазылған жеделхатта.
Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон өз құттықтауында Қасым-Жомарт Тоқаевқа зор денсаулық, табыс, ал бауырлас Қазақстан халқына бейбіт өмір мен игілік тіледі.
"Наурыз мейрамының мызғымас құндылықтарын ту еткен елдеріміз стратегиялық серіктестік аясында достық қатынастарымызды және өзара тиімді ынтымақтастығымызды одан әрі нығайта түсетініне сенімдімін", – деп жазылған Тәжікстан Президентінің құттықтауында.
Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев өзінің құттықтау жеделхатында Наурыз халықтарымыздың әлемдік мәдениетке қосқан құнды үлесі деп атап өтті.
"Бұл мереке – өзара түсіністік, достық пен ынтымақтастықтың белгісі. Біздің халықтарымыздың еркімен қазақ–әзербайжан достық қарым – қатынасы мен серіктестігін сақтау және нығайту жолында бірлескен күш-жігерімізді жалғастырамыз деп сенемін", – деп жазылған жеделхатта.
Сонымен қатар Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Иран Президенті Ибрахим Раиси, Грузия Президенті Саломе Зурабишвили және ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев құттықтау жеделхаттарын жолдады. Құттықтау хаттары әлі де келіп түсіп жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан