“Шет елдерге барып, арнайы кеңес те алған“: Алматы облысында жасырын есірткі зертханасы әшкере болды

Алматы облысында автоматтандырылған жүйемен жабдықталған жасырын есірткі зертханасы әшкере болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің қызметкерлері Алматы облысы Полиция департаментімен бірлесіп, есірткіні заңсыз өндірудің толық циклін ұйымдастырған қылмыстық топтың әрекетін тоқтатқан.

Қылмыстық топ құрамында есірткі бар өсімдіктерді жасырын өсіруден бастап дайын өнімді VIP санаттағы клиенттерге өткізуге дейінгі барлық кезеңді жүзеге асырған. Жойылған фитозертхана автоматтандырылған желдету жүйесімен, температураны, жарықтандыруды және суаруды бақылайтын датчиктермен жабдықталған. Онда жыл бойы құрамында есірткі бар өсімдіктердің жоғары концентрациялы сұрыптары өсірілген.

Жеке кіреберісі бар жасырын жертөлені тінту барысында 29 түп қарасора, 27 келі дайын өнім, өсіруге арналған заманауи жабдық, электрон ақпарат жеткізгіштер, байланыс құралдары, қылмыстық жолмен келген үш миллион теңге көлеміндегі қаражат, сондай-ақ, оқ-дәрілері бар тіркелмеген қару тәркіленген.

Фитозертхананың ұйымдастырушысы - 40 жастағы ер адам ұзақ уақыт бойы каннабис тобына жататын есірткілерді өсіру технологиясын жан-жақты зерттеп, ауданы 100 шаршы метрден асатын арнайы салынған жеке ғимаратта жасырын өндірісті кеңейтуді жоспарлаған. Осы мақсатта ол алыс шет мемлекеттерге арнайы барып, сала мамандарынан кеңес алған, каннабистің элиталық сұрыптарын өсіруге арналған арнайы жабдықтарға тапсырыс берген.

"Жедел тергеу іс-шаралары барысында оның қылмыстық байланысы анықталып, бұрын аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін бірнеше рет сотталған 45 жастағы ер адам ұсталды. Оның гаражын тінту кезінде скотчпен оралған 4 келі гашиш, сондай-ақ, буып-түйілген есірткі өнімдері, zip пакеттер және есірткі тұтынуға арналған құралдар тәркіленді. Бұл іс бойынша ұсталған күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық жолмен сатып алынған жылжымайтын мүлікке, қымбат көліктерге тыйым салынды", - деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!