Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Шет елдерде кадр даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті, - деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Г.Әбдіқалықова бүгінгі басқосу Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында өтіп отырғандығын атап өтті. «Болашақ» бағдарламасы іске асырылып келе жатқан 23 жыл ішінде 9 339 адам әлемнің үздік университеттерінде жоғары білім алған. Президенттің «Болашақ» стипендиясы – Қазақстанның әлемдік білім беру жүйесімен жедел интеграциялануын табысты жүзеге асыруға мүмкіндік берген ұлттық жоба.
Мемлекеттік хатшы «Болашақ» бағдарламасының бәсекеге қабілетті түлектері Қазақстанның одан әрі дамуы мен өсіп-өркендеуіне маңызды үлес қосатынын, сондай-ақ елімізді әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосуды басты мақсат еткен «Қазақстан-2050» стратегиясын іске асыруға белсене атсалысатынын айтты.
Комиссия отырысында Шет елдерде кадр даярлау жөніндегі республикалық комиссияның хаттамалық тапсырмасының орындалуы туралы Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің есебі тыңдалып, «Болашақ» бағдарламасын іске асыруға қатысты бірқатар мәселе қаралды.
Отырыс барысында комиссия шешімімен орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өтінімдері бойынша әзірленген 2017 жылға арналған Басымдығы бар мамандықтар тізбесі бекітіліп, келесі жылғы стипендиялардың шекті саны анықталды.
Магистратурада және докторантурада оқитын, сондай-ақ әлемнің жетекші ғылыми және өндірістік орталықтарында тағылымдамадан өтуге жіберілетін 231 үміткерге комиссия шешімімен стипендия тағайындалды.
2016 жылы 544 адамға стипендия тағайындалды.
Г.Әбдіқалықова отырыс қорытындысы бойынша «Болашақ» халықаралық стипендиясын одан әрі іске асыруға қатысты тапсырмалар берді.