"Шешуші сәт болуы мүмкін". Сарапшы Украинадағы соғысқа қатысты болжам жасады

"Шешуші сәт болуы мүмкін". Сарапшы Украинадағы соғысқа қатысты болжам жасады
Фото: https://www.facebook.com/GeneralStaff.ua

Украина мен Ресей арасындағы жағдай әлі де шиеленісіп тұр. Алда майдан шебіндегі қақтығыс әрі қарай күшейе түсуі мүмкін. Бұл туралы әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабеков айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сарапшының сөзінше, Украинадағы соғыс тек Ресей мен Украинаға, көршілес елдерге емес, бүкіл әлемге де экономикалық жағынан да, қауіпсіздік жағынан қиындық туғызған.

"Украинада ауқымды соғыс басталғаннан бері бір жылға жуық уақыт өтті. Осы уақыт ішінде қақтығысқа қатысушылардың өздері ғана емес, бүкіл әлем экономикалық даму жағынан да, қауіпсіздік жағынан да күрделі сынақтарға тап болды.

Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының кейінгі бағалауы бойынша, Украина дағдарысының жаһандық залалы 2,8 триллион долларға жетуі мүмкін. Бұл пандемиядан кейін әлі қалпына келмеген әлемдік экономикаға қатты әсер етеді. Бірақ шығынға батқан экономикалық өсім мен рекорд деңгейдегі инфляциядан бөлек, бірнеше онжылдықта алғаш рет конвенциялық соғыс кезінде ядролық қару қолдану қаупіне тап болдық", - дейді сарапшы.

Жұмабек Сарабеков алда маңызды оқиғалар болуы мүмкін екенін айтады.

"Украина дағдарысында шиеленістің жаңа кезеңі жақындап келеді. Көптеген бақылаушының болжамынша, бұл соғыс барысы үшін шешуші болуы мүмкін. Украинада да, Батыста да, Ресейде де дайындалып жатқан көктемгі "басты" шабуыл туралы айтып отырмыз", - дейді ол.

Сарапшының сөзінше, Ресей тарапынан іштей ауыс-түйістер болып жатыр. Бұл да тікелей Украинадағы жағдайға байланысты екен.

"Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, Ресей мобилизациядан кейін белсенді түрде күш жинап, Донбасстағы ауқымды шабуыл операциясына дайындалып жатыр. Мақсат Донецк облысының әкімшілік шекараларына шығу болуы мүмкін, содан кейін Ресей Федерациясы Харьковқа көз тігуі мүмкін. Тағы бір мәселе - Мәскеуде оқиғаның осылай дамуына әскери мүмкіндіктер мен күштер жеткілікті ме деген сұрақ.

Ресей Федерациясының Бас штабының бастығы Валерий Герасимовтің арнайы әскери операцияның жаңа қолбасшысы болып, қаңтарда тағайындалуы Мәскеудің шабуыл жоспарларынан хабар береді. Ресейлік сарапшылардың айтуынша, Герасимовтің тағайындалуы "арнайы операцияны" Кремльдің көзқарасы бойынша жоғары деңгейге көтереді", - дейді ол.

Киевке Батыс елдерінен жеткізіліп жатқан қару-жарақ оның соғыстағы қуатына тікелей әсер етіп отыр.

"Сонымен қатар, Ресей әскерінің көктемгі шабуылы соғыстың басталуының мерейтойына сәйкес келуі мүмкін, бірақ бұл шарт емес. Бірақ уақыт шамамен осындай болатыны анық, өйткені Ресей Федерациясы Украина Батыс танктері мен ауыр қару-жарақ алғанға дейін шабуыл жасамақ.

Өз тарапынан Киев Ресей әскерінің шабуылын тойтарып, бірден қарсы шабуылға шығамыз деп жоспарлап отыр. УҚК Батыс одақтастары уәде етілген ауыр қару-жарақты жедел түрде жеткізетініне сеніп отыр. Қаңтардың аяғында Германия мен АҚШ Украинаға ең заманауи танктерді беруге дайын екенін жариялады", - деді Жұмабек Сарабеков.

Алайда сарапшының айтуынша, кейінгі кездері қару-жарақ жеткізуде мәселе туындағаны туралы ақпараттар пайда болған.

"Сонымен қатар, Украина билігі батыстық серіктестермен Киевке авиация мен алыс қашықтағы зымырандарды беру туралы жедел келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұқаралық ақпарат құралдары мәліметінше, Украина АҚШ-тың F-16, франциялық Rafale және швед Gripen жеткізілімдері арқылы қолдау алып отыр, бұлар - қазіргі заманғы төртінші буын көпмақсатты жойғыштар. Алайда украиналық келіссөз жүргізушілерден нақты нәтижелер әлі байқалмайды.

Дегенмен Киевтің Батыстан танктер алуы УҚК-нің жауынгерлік қабілетін күшейтудің маңызды факторы саналып отыр. Сондай-ақ, АҚШ пен Еуропаның Ресеймен қақтығысты одан әрі жалғастыруға дайын екенінен белгі береді. Бұл жерде басты мәселе - УҚК танктер мен зымыран жүйелерін қандай мерзімде және қанша мөлшерде алады деген сұрақ. Украина СІМ Батыс бронь техникасы әскерге наурызда жіберілетінін хабарлады. Алайда кейінгі уақытта қажет техниканы өндіруді жолға қою мәселелеріне байланысты Батыстың әскери көмегі кешігуі мүмкін екені туралы ақпараттар пайда бола бастады", - деді сарапшы.

Ал дипломатиялық жолмен соғысты шешу туралы мәселе бірнеше рет көтерілген.


"Дағдарысты шешуге арналған келіссөздер әлі де іске аспай тұр, дегенмен оны жүзеге асыру туралы бастама кейде пайда болып тұрады. Осындай маңызды эпизодтардың бірі - NeueZürcherZeitung неміс газетіндегі кейінгі мақала. Онда биыл қаңтардың ортасында Орталық барлау басқармасы директоры Уильям Бернс Украина тарапына соғысты тоқтатудың "бейбіт жоспарын" тапсырғаны айтылады. Кейін Ақ үй бұл ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды.

БАҚ мәліметінше, Бернстің жоспары бойынша Киев өз аумағының 20 пайызын Ресейге беру қажет болған. Бұл - Донецк және Луганск облыстарының аумағына тең, ал Қырым келісімдерден тыс қалды. Өз кезегінде, Ресей бейбітшілік келісімінің орнына Донбасспен шектелуі керек еді. Ал бұл Ресей күштерін Херсон мен Запорожье облыстарынан шығаруды білдіреді", - деді ол.

Сарапшы алда болуы мүмкін болжамды оқиғалардың бәрі Қазақстанға қалай әсер етуі мүмкін екенін айтты.

"Қалай болғанда да, алдағы көктемгі науқан Украинадағы қақтығыс кезіндегі "ең қызу" сәттердің бірі болуы мүмкін. Алдағы айларда қақтығыстар тек күшейе түседі. Сонымен қатар, Батыс елдерінің Украинаға танктер мен зымырандарды беру туралы шешімінен кейін Кремль қақтығыс кезінде ядролық қаруды қолдану мәселесін қайта талқылап жатқанын көреміз. Яғни, ядролық нұсқаны да толық жоққа шығаруға болмайды.

Оқиғалардың бұлай өрбуінен Қазақстан өмір сүретін және жұмыс істейтін сыртқы орта одан да қауіпті болуы мүмкін. Экономика мәселелерінде Ресей мен Батыс арасында жаңа санкциялар салынуы мүмкін. Нәтижесінде біз қатысатын халықаралық жеткізілім және өндіріс саласында жаңа мәселелер пайда болады. Осы сын-қатердің барлығы Қазақстандағы онсыз да күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайға қауіп төндіреді", - дейді сарапшы.

Еске салайық, бұған дейін Украинадағы соғыс немен аяқталуы мүмкін екені туралы сарапшының пікірі жарияланған болатын.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова