Астанада студенттер мен олардың ата-аналарын алдап, грантқа ауыстыру жөнінде уәде беріп, ақшаларын иемденген бұрынғы ЖОО қызметкері сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мән-жай
Түлектерді жұмыспен қамтуға жәрдемдесу секторында жұмыс істеген бұрынғы қызметкер студенттер мен олардың ата-аналарын академиялық үлгерім, грантқа ауыстыру және стипендияны қайтару мәселелерін "шешіп" бере алатынына сендірген.
"2023-2024 жылдар аралығында ол алаяқтық жолмен 3 млн теңгеден аса қаржыны иемденгені анықталды. Оның әрекетінен 15 адам зардап шеккен", - деп жазылған хабарламада.
Сот үкімі
Мемлекеттік айыптаушы оның кінәсін толық дәлелдеді. Жәбірленушілерге келтірілген шығын өтелді.
Күдікті кінәсін мойындаған. Оның кәмелетке толмаған балалары болуы ескеріліп, сот 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасын кесті, тағайындалған мерзімге пробациялық бақылау белгіленді.
Үкім заңды күшіне енді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова