Алматыдағы жекеменшік мектебіндегілер бірінші сынып оқушысын ата-анасына айтпай, гинекологқа апарған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, енді қыздың ата-анасы мектеп директоры мен педагогтердің жауапкершілікке тартылғанын қалап отыр. Бірінші сынып оқушысының анасының сөзінше, оның қызын алдымен мектеп психологына апарып, артынша жақындарының рұқсатынсыз гинекологқа тексеруге апарған.
Оқиға өткен жұма, 29 қыркүйекте болған. Бірінші сынып оқушысы дәретханаға жиі сұранып жүрген екен. Мұғалім қызды алдымен медбикеге артынша психологқа апарған. Мамандар кішкентай қызды өгей әкесі зорлаған болуы мүмкін деген шешім шығарған. Педагогтер бірден жедел жәрдем шақырып, қызды тексеруге жіберген. Алайда ата-анасына бұл жайлы хабар бермеген.
"Қатты ашулымыз! Олар қате шешім қабылдап қана қоймай, қызымның ар-намысына тиді. Балаларым өгей әкелерімен жақсы араласады. Өз балаларындай қабылдаған. Қыздар да оны өз әкесіндей жақсы көреді. Мектептегілер қате түсініп, қызым зорланған деп ойлаған. Артынша ауруханаға апарған. Менің рұқсатымсыз гинекологқа кіргізген. Егер олар маған хабарлағанда бірге барып тексерер едік", - дейді бірінші сынып оқушысының анасы.
Мектептегілер қызды сотқа дейінгі сараптама жасау орталығына апарған. Мамандар педагогтердің ойын теріске шығарған. Бірінші сынып оқушысында цистит болған. Сараптамада зорлану дерегі расталмаған. Енді қыздың ата-анасы мектептегілердің жазаланғанын қалап отыр.
"Жекеменшік мектептегі қызметкерлердің кәсібилігіне күмән туды. Артынша аурухана қызмерлерінің де кәсібилігіне қатысты сұрақтар туындады. Балаға моральдық тұрғыда зақым келді. Танымайтын адамдар баланы шешіндіріп, тексерген. Бала жылап, айғайлаған. Сондықтан мұндай заңсыз әрекеттер енді қайталанбағанын қалар едік", - дейді адвокат Нұржан Қоралбаев.
Қыздың анасы құқыққорғау органдарына арыз жазған. Ал жекеменшік мектепте тексеріс басталып кеткен.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!