Айтыскер ақын Сара Тоқтамысованың әкесі оның өнер жолын таңдауына қарсы болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өнер иесі бұл туралы "El arna" телеарнасына берген сұхбатында айтты.
"Менің әкем әскери адам болғандықтан, өте қатал болды. Мен үйдің тұңғышы болғандықтан, біріншіден, мені өте қатал ұстады. Екіншіден, ол дастарқан басында "дипломыңды ал, мамандықпен жұмыс істе, өнер деген не? Айтыс деген оңай емес, ертең біреу саған ауыр бір сөз айтса, сенің сағың сынады" деп үнемі айтатын. Содан кейін ең алғаш оқушылар айтысына барған кезде әкем үйде шу шығарып, "шешең екеуің не бастап жатырсыңдар?" деп айғайлаған еді. Ал анам болса, өнердегі ең үлкен жанашырым. Біреуден көйлек, екіншісінен домбыра алатын. Қайбір өз көйлегім болды дейсің, кәдімгі қарапайым отбасымыз ғой. Сол кезде айтысқа барып, мен бас бәйге алып келген кезде де әкем мені "оқушылар айтысы ғой" деп мойындамады. Мақсат Ахановпен айтыстан кейін "балам, өзің біл, саған қарсы емеспіз. Егер таңдаған жолың осы болса, абыройың биік болсын" деп батасын берді", - деді ол.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!