- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Шерзат Болаттың өлімі
Шерзаттың өлімі: Бас прокуратура депутаттың сұрағына жауап берді
Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев 16 жастағы Шерзат Болаттың қайғылы қазасына байланысты Бас прокуратураға депутаттық сауал жолдағанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында айтты.
"Шерзат бауырымыз көз жұмған Талғардағы трагедияға қатысты депутаттық сауал жолдаған едім. Жауабы келді. Алматы облысының Талғар аудандық ПБ ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің 5,7,9,14-тармақтарымен тергеп-тексеруді бастаған (аса қатыгездiкпен жасалған, адамдар тобының, алдын ала сөз байласуымен, бұзақылық ниетпен, көрінеу кəмелетке толмаған адамды өлтіру). Оған қоса ҚР ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық, пышақтарды немесе өзге де суық қаруды қолданып жасалған іс-əрекеттер) жəне ҚК-нің 434-бабы бойынша (қылмыс туралы хабарламау) қылмыстық істер тіркелген (бір іс жүргізуге біріктірілді)", - делінген Бас прокуратура жауабында.
Қазіргі уақытта іс бойынша 11 күдікті ұсталып, оларды күзетпен ұстау шарасы санкцияланған.
"Бүгінде қылмыстық іс шеңберінде тиісті сараптамалар тағайындалды, орын алған оқиғаның мəн-жайларын анықтауға бағытталған тергеу əрекеттері жүргізілуде. Олардың нəтижелері бойынша құқықтық баға беріліп, процестік шешім қабылданатын болады. Сауалда көрсетілген Алматы, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Павлодар жəне Ақтөбе облыстарында орын алған қылмыстық құқықбұзушылықтарды тергеу барысы қатаң бақылауда", - делінген жауапта.
Бас прокуратура нəтижесі бойынша процестік шешім қабылданатынын мәлімдеді.
Еске салайық, Талғарда 4 қазанға қараған түні жасөспірім көз жұмды, кейінірек өңірдің полиция департаменті осы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. Ал марқұм Шерзаттың отбасы бұл жайтқа қатысы барлардың бәрін ұстап, жазалауды талап етті. Қалаға ІІМ тобы жіберілді.
Талғардағы қайғылы оқиға: бейнебақылау камераларының жазбалары өшірілгені рас па?
Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Талғарда көз жұмған Шерзаттың отбасына тегін қорғаушы ұсынды. Сонымен қатар Алматы облысы полиция департаменті өкілі Талғардағы жаппай төбелесте күдіктілер қандай суық қару қолданғанын айтты.
Кейінірек полиция тағы да мәлімдеме жасап, халық арасында тараған "Талғардағы жасөспірімнің өліміне бандиттердің қатысы бар" деген ақпаратқа пікір білдірді. Ал 12 қазанда Шерзат Болаттың үйі өртеніп кетті. Артынша марқұмның отбасын полиция күзететін болды.
Талғарда қаза тапқан жасөспірімнің үйі өртенді: оқиға орнынан фотолар
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Сатыбалдина