Талғарда қаза тапқан Шерзат Болаттың әкесіне тағы бір бап бойынша іс қозғалды. Ақпаратты Алматы облысы полиция департаменті жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"10 желтоқсанда азамат Қ.Нұрымов бұзақылық және көліктердің қозғалысына кедергі жасау дерегі бойынша ұсталды. Ол қоғамдық орында және полиция қызметкерлеріне дөрекі сөйледі, оларды пышақпен қорқытты, басқа біреудің мүлкіне қасақана зақым келтірді, көлікті пышақпен сырып, дөңгелекті тесіп тастады. Мұнымен тоқтамай айналасындағыларға, оның ішінде кәмелетке толмағандарға қауіп төндіре отырып, азаматтардың қоғамдық тәртібі мен тыныштығын бұзды. Бұзақылық дерегі бойынша сот оған 15 күндік әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындады", - деп жазылған ақпаратта.
Полиция мәліметінше, бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру дерегі бойынша қылмыстық іс тіркелген.
"10 желтоқсанда Еңбекшіқазақ ауданының Азат ауылында болған іс-әрекет нәтижесінде көлік иесіне материалдық залал келтірілгені анықталды, бұл әкімшілік жауапкершілік шегінен асып, іс-әрекеттің қылмыстық баппен саралануына әкеп соғады. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында жан-жақты, толық тергеу жүргізіліп жатыр", - деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, 9 желтоқсанда таңертең Шерзат Болаттың ағасы өлі табылды. Полиция мәліметінше, марқұм өзіне-өзі қол жұмсаған, сондай-ақ ол Шерзаттың ағасы Нұрқанат екені расталған.
Нұрқанаттың жерлеу рәсімінен соң Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов ұсталды. Кейін ол 15 тәулікке қамалды.
Еске салайық, Талғарда 4 қазанға қараған түні жасөспірім көз жұмды, кейінірек өңірдің полиция департаменті осы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. Ал марқұм Шерзаттың отбасы бұл жайтқа қатысы барлардың бәрін ұстап, жазалауды талап етті. Қалаға ІІМ тобы жіберілді.
Талғардағы қайғылы оқиға: бейнебақылау камераларының жазбалары өшірілгені рас па?
Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Талғарда көз жұмған Шерзаттың отбасына тегін қорғаушы ұсынды. Сонымен қатар Алматы облысы полиция департаментінің өкілі Талғардағы жаппай төбелесте күдіктілер қандай суық қару қолданғанын айтты.
Кейінірек полиция тағы да мәлімдеме жасап, халық арасында тараған "Талғардағы жасөспірімнің өліміне бандиттердің қатысы бар" деген ақпаратқа пікір білдірді. Ал 12 қазанда Шерзат Болаттың үйі өртеніп кетті. Артынша марқұмның отбасын полиция күзететін болды.
Талғарда қаза тапқан жасөспірімнің үйі өртенді: оқиға орнынан фотолар
ІІМ бұл істі тергеу жыл соңына дейін аяқталатынын мәлімдеді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз