Шерзаттың әкесі “Делайте“ деген тапсырманы кім бергенін айтты

Талдықорғанда Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сотта марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов пен куәгер Санат Әбдіқадырды беттестіру кезіндегі видео көрсетілді. Беттестіру кезінде Қаржаубай Нұрымов "Делайте" деген сөзді Санат Әбдіқадыр айтқанын баяндаған.

"Ол (Санат Әбдіқадыр – еск.) Нұрқанатпен (Ғайыпбаев – Шерзаттың ағасы – еск.) амандасып, сөйлесті. Соның аузынан "Мен шалмын ғой, төбелеспеймін, мен үшін жігіттер төбелеседі" деген сөз шықты. Соны сездім де дүкенге кіріп, телефонды алып қоңырау шалып жатқанмын. Дүкенге кіріп бара жатқанда "Делайте" деді... Содан кейін төбелес басталып кетті", – деді Шерзаттың әкесі видеода.

Бұған дейін Санат Әбдіқадыр сотта Нұрқанат Ғайыпбаевпен сол оқиға болған күні танысқанын айтқан еді. Оның сөзінше, олар дүкеннің маңында кездейсоқ кездескен. Шерзаттың ағасы олардан "кикілжің іздеп келген жоқсыңдар ма?" деп сұрағанда, Санат Әбдіқадыр тек дүкенге келгенін, өзінің "шал екенін" айтқан.

Айыпталушылардың бірінің адвокаты осы жағдай бойынша соттан Қаржаубай Нұрымовты қайта жауап алуға шақыруды сұрады. Сот бұл өтінішті қанағаттандырды. Қаржаубай Нұрымов айыпталушылардың барлығы жауап беріп, қылмыстық іс материалдары зерттелгеннен кейін сотқа жауап алуға шақырылады.

Шерзат ісі бойынша сот отырысы

2025 жылы 10 cәуірде Талдықорғанда Шерзат Болаттың ісі бойынша сот процесі басталды. Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сот отырысы тікелей эфирден көрсетіледі.

Бұған дейінгі сот отырыстарында жәбірленуші тарап өкілдері, яғни марқұмның әжесі, ата-анасы, одан бөлек куәгерлер сөйледі.

Шерзат Болаттың өлімі туралы не белгілі?

Еске салайық, Талғарда 2024 жылы 4 қазанға қараған түні жасөспірім көз жұмды, кейінірек өңірдің Полиция департаменті осы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. Ал марқұм Шерзаттың отбасы бұл жайтқа қатысы барлардың бәрін ұстап, жазалауды талап етті. Қалаға ІІМ тобы жіберілді.

Талғардағы қайғылы оқиға: бейнебақылау камераларының жазбалары өшірілгені рас па?

Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Талғарда көз жұмған Шерзаттың отбасына тегін қорғаушы ұсынды. Сонымен қатар, Алматы облысы Полиция департаментінің өкілі Талғардағы жаппай төбелесте күдіктілер қандай суық қару қолданғанын айтты.

"Қазақ болып күресеміз". Заңгер Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты істі соңына дейін жеткізетінін айтты.

Кейінірек полиция тағы да мәлімдеме жасап, халық арасында тараған "Талғардағы жасөспірімнің өліміне бандиттердің қатысы бар" деген ақпаратқа пікір білдірді. Ал 12 қазанда Шерзат Болаттың үйі өртеніп кетті. Артынша марқұмның отбасын полиция күзететін болды. 

Талғарда қаза тапқан жасөспірімнің үйі өртенді: оқиға орнынан фотолар 

Кейін Шерзаттың ағасы да өлі табылды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!