- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- әкім туралы
Шерзат ісінен кейін Алматы облысының әкімі Сұлтанғазиев отставкаға кете ме?
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев "Шерзат Болаттың отбасындағы қайғылы оқиғалардан кейін отставкаға кете ме?" деген сауалға жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
БАҚ өкілі әкімнен "Шерзаттың өлімінен соң, оның үйі өртенгеннен кейін оқиға орнына бардыңыз ба?", - деп сұрады.
"Талғарға бардым. 12-іне дейін ғой деймін. Штаб өткіздік. Өрт орнына бармадым. Толық мәліметтер маған жеткізіліп жатыр. Ол жаққа Ішкі саясат басқармасы, ауыл әкімі, басқа да қоғамдық кеңес мүшелері, депутаттар барды. Бірақ жаңадан өртенген кезде аумаққа ешкім кіргізілмейтін, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатты", - деді әкім ОКҚ-да өткен брифингте.
Шенеунік отставка мәселесіне қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, жұмысының бағасын беретін - басқа салалардағы көрсеткіш.
"Бүгінгі күні біздің жұмысымыз тек әлеуметтік желіде тараған жаңалықпен бағаланбайды ғой. Көптеген сала бар: экономикалық сала, әлеуметтік сала. Сондай тұрғыдан халық, басшыларымыз өзі бағасын берер", - дейді ол.
Анықтама: Марат Сұлтанғазиев - 2022 жылы 11 маусымда Алматы облысының әкімі болып тағайындалды.
Айта кетейік, 9 желтоқсанда таңертең Шерзат Болаттың ағасы өлі табылды. Полиция мәліметінше, марқұм өзіне-өзі қол жұмсаған, сондай-ақ ол Шерзаттың ағасы Нұрқанат екені расталған.
Нұрқанаттың жерлеу рәсімінен соң Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов ұсталды. Кейін ол 15 тәулікке қамалды. Ал кеше Шерзаттың әкесіне қарсы қылмыстық іс қозғалды.
Шерзат Болаттың өлімі туралы не белгілі?
Еске салайық, Талғарда 4 қазанға қараған түні жасөспірім көз жұмды, кейінірек өңірдің полиция департаменті осы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. Ал марқұм Шерзаттың отбасы бұл жайтқа қатысы барлардың бәрін ұстап, жазалауды талап етті. Қалаға ІІМ тобы жіберілді.
Талғардағы қайғылы оқиға: бейнебақылау камераларының жазбалары өшірілгені рас па?
Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Талғарда көз жұмған Шерзаттың отбасына тегін қорғаушы ұсынды. Сонымен қатар Алматы облысы полиция департаментінің өкілі Талғардағы жаппай төбелесте күдіктілер қандай суық қару қолданғанын айтты.
Кейінірек полиция тағы да мәлімдеме жасап, халық арасында тараған "Талғардағы жасөспірімнің өліміне бандиттердің қатысы бар" деген ақпаратқа пікір білдірді. Ал 12 қазанда Шерзат Болаттың үйі өртеніп кетті. Артынша марқұмның отбасын полиция күзететін болды.
Талғарда қаза тапқан жасөспірімнің үйі өртенді: оқиға орнынан фотолар
ІІМ бұл істі тергеу жыл соңына дейін аяқталатынын мәлімдеді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова