Талғарда кісі қолынан қаза тапқан Болатовтар әулетінің ісін зерттеуге елімізге белгілі заңгерлер кірісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мәжіліс депутаттары, заң саласының белгілі мамандары Абзал Құспан мен Үнзила Шапақ Алматы облысына арнайы барып, іспен танысып қайтқан. Бұл туралы депутат әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
"Әлеуметтік желілерде әртүрлі ақпараттардың таралуына байланысты, көп жағдайда тексерілмеген, эмоцияға толы жазбалар мен бейнеүндеулерге назар аударылуда. Осыған байланысты әріптесім, депутат, заң ғылымдарының докторы Үнзила Шапақпен бірге орын алған оқиғаның мән-жайымен жете танысу үшін арнайы Алматы облысына бардық. Істің барысын зерделеу мақсатында Алматы облысы прокуроры Берік Абызбайұлымен, облыстың полиция департаментінің басшысы Мейрам Жұмкенұлымен жолықтық. Мен, заңгер ретінде, бұл ауыр жағдайларды құқықтық тұрғыда қарастырудың маңыздылығын атап өткім келеді. Мұндай істерде қоғам тарапынан жасалған қысым тергеу амалдарының объективті әрі жан-жақты жүргізілуіне кері әсерін тигізуі мүмкін", - деді ол.
Абзал Құспанның жазуынша, Шерзаттың ағасының өліміне қатысты сот-медициналық сараптамалар жүргізіліп жатыр.
"Прокуратураның ресми ақпаратына сәйкес, қасақана кісі өлтіру күдігімен 11 адам ұсталғаны белгілі. Қазіргі таңда тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Осы іс бойынша 170 астам куәгерлерден жауап алынып, 40-қа жуық сараптама тағайындалып, жан-жақты тергеліп жатыр. Сонымен қатар Шерзат Болаттың ағасы Н. Ғайыпбаевтың өлімі де Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің бақылауында екенін атап өткен жөн. Ол бойынша сот-медициналық сараптамалар жүргізілуде", - деп мәлімдеді заңгер.
Еске салайық, 4 қазанға қараған түні Талғарда жантүршігерлік қылмыс болды. Қолында пышақ пен қаруы бар бір топ жігіт 16 жастағы Шерзат, әкесі мен ағасына шабуыл жасаған. Ал 12 қазанда Шерзат Болаттың үйі өртеніп кетті. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Куәгерлердің сөзінше, үй тұтас өртеніп кеткен. 9 желтоқсан таңертең Алматы облысының полициясы Талғар қаласы маңынан Шерзаттың немере ағасы 30 жастағы Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесін тапты.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз