Шерзат ісі: Сотта Нұрқанат Ғайыпбаевтың куәлік кезіндегі видеосы көрсетілді

Шерзат ісі: Сотта Нұрқанат Ғайыпбаевтың куәлік кезіндегі видеосы көрсетілді
Фото: Скрин тікелей эфир видеосынан

Бүгін, 29 сәуірде, Талдықорғанда жасөспірім Шерзат Полаттың өліміне қатысты кезекті сот отырысы өтіп жатыр. Отырыста мемлекеттік айыптаушы марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың бұған дейінгі куәлік беру кезіндегі бейнежазбасы көрсетілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Нұрқанаттың сөзінше, қайғылы оқиға орын алған күні ол Қамажай дүкенінің жанындағы ет дүкеніне ет алып келген. Сағат 19:00–19:30 шамасында әкесі Болат Нұрымов хабарласып, үйге қауын алып келуін сұраған. Бұл уақытта Нұрқанат пен Шерзат дүкен ішін реттеп қойған. Сағат 20:00 шамасында Нұрқанат үйіне қайтуға қамданғанымен, Шерзат "Сіз үйге қайта беріңіз, мен дүкенді реттеп, тазалап, артынан барамын" деп қалған.

Түнгі сағат 23:00 шамасында Нұрқанатты жеңгесі оятып, ағасы Қаржаубайдың дүкенге шұғыл келуін сұрағанын айтқан. Қаржаубай Шерзаттың біреумен төбелескенін хабарлаған.

Нұрқанат дүкенге келгенде сыртта Дархан есімді жігітті көрген. Шерзаттың айтуынша, Дархан оның әкесіне дөрекі сөйлеген. Кейін екеуінің арасында жанжал шығып, Шерзат Дарханды ұрып жіберген. Бұдан соң Дархан сотталушы Нұрболға хабарласқан.

Нұрбол Golf көлігімен келіп, Нұрқанатпен сөзге келген. Нұрқанат Нұрболға: "Ертең сау күйде сөйлесейік" деген. Алайда көп ұзамай жанжал қайта өршіп, оқиға орнына басқа да жастар келген. Солардың ішінде Абзал, Нұрқияс, Шыңғыс және тағы бірнеше адам мен екі қыз болған.

Нұрқанаттың сөзінше, жанжал дүкен маңында өршіген. Нұрқияс Ахмет есімді баланы ұрып, ол бетонға құлаған. Абзал Ахметтің жағасынан ұстап тұрған, ал Нұрқанат оны арашалап, қашуын сұраған. Бір кезде топ жігіт Нұрқанат пен Шерзатқа шабуыл жасаған.

Нұрқанат Шерзатқа қашуын айтқанымен, 10–15 метр қашықтықта Шерзат үш рет: "Аға, мыналар маған бірдеңе тығып алды" деп айғайлаған. Нұрқанат Шерзатты құшақтап алған кезде оның арқа тұсында пышақ жарақаты болғанын көрген.

"Жігіттер, тоқтаңдаршы, жедел жәрдем шақырыңдаршы!" – деп айқайладым. Шерзатты құшақтап қорғадым. Бірақ бірнеше жігіт ұра бастады. Абзал оң жақ жамбасыма пышақ сұқты. Кейін тағы пышақ жарақатын алдым. Біреу басымнан темір затпен ұрды. Кейін есімді ауруханада жидым", – деп баяндалған марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың куәлігінде.

Сот барысында Нұрқанаттың жауаптарынан белгілі болғандай, жанжал кезінде олардың қарсы алдында он шақты адам болған.

Сонымен қатар, Нұрқанат төбелес кезінде: Samsung маркалы ұялы телефонын, банк карталары мен жеке құжаттары бар портмонесін, ет сатудан түскен 100–150 мың теңге ақшасын жоғалтқанын айтты. Ауруханада ол тек іш киіммен жатқан. Оқиға кезінде үстінде болған киімдерінің қайда кеткені белгісіз болып қалған.

Шерзат ісі бойынша сот отырысы

2025 жылы 10 cәуірде Талдықорғанда Шерзат Болаттың ісі бойынша сот процесі басталды. Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сот отырысы тікелей эфирден көрсетіледі.

Бұған дейінгі сот отырыстарында жәбірленуші тарап өкілдері, яғни марқұмның әжесі, ата-анасы, одан бөлек куәгерлер сөйледі. 28 сәуір оқиға түні сотталушылармен болған Эльмира НұрбековаЖақсыгелді Дана мен Юлдаш Розбакиев жауап берді.

Шерзат Болаттың өлімі туралы не белгілі?

Еске салайық, Талғарда 2024 жылы 4 қазанға қараған түні жасөспірім көз жұмды, кейінірек өңірдің Полиция департаменті осы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. Ал марқұм Шерзаттың отбасы бұл жайтқа қатысы барлардың бәрін ұстап, жазалауды талап етті. Қалаға ІІМ тобы жіберілді.

Талғардағы қайғылы оқиға: бейнебақылау камераларының жазбалары өшірілгені рас па?

Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Талғарда көз жұмған Шерзаттың отбасына тегін қорғаушы ұсынды. Сонымен қатар, Алматы облысы Полиция департаментінің өкілі Талғардағы жаппай төбелесте күдіктілер қандай суық қару қолданғанын айтты.

"Қазақ болып күресеміз". Заңгер Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты істі соңына дейін жеткізетінін айтты.

Кейінірек полиция тағы да мәлімдеме жасап, халық арасында тараған "Талғардағы жасөспірімнің өліміне бандиттердің қатысы бар" деген ақпаратқа пікір білдірді. Ал 12 қазанда Шерзат Болаттың үйі өртеніп кетті. Артынша марқұмның отбасын полиция күзететін болды. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

А. Бақдаулет
Logotype Massaget