Талдықорғанда Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Судья блогерлер мен әлеуметтік желі қолданушыларына ескерту жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Судья Ержан Жанұзақовтың сөзінше, процесті талқылауға, тергеу мен соттың жұмысына баға беруге жол берілмейді. Бұл сотқа қысым ретінде бағалануы мүмкін.
"Әлеуметтік желілерде блогерлер мен сот процесіне ешқандай қатысы жоқ басқа азаматтар жеке пікір білдіріп, тергеу әрекеттері мен сот процесінің барысына субъективті баға беріп жатыр. Қазақстан Республикасы Конституциясының 75-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот жүзеге асыратынын еске саламыз. Соттың сот төрелігін іске асыру жөніндегі қызметіне араласуға жол берілмейді және заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғады", - деді судья.
Ол сот процесі аяқталғанға дейін, үкім шығарылғанға және заңды күшіне енгенге дейін сот процесіне пікір білдіру, құқықтық баға беру заңсыз екенін мәлімдедіі.
"Сот істің барлық мән-жайын жан-жақты, толық тексеруге, айыптаушы тараптың да, қорғаушы тараптың да дәлелдерін тексеруге міндетті. Істі қарайтын судья тәуелсіз және объективті болуы керек, процестің нәтижесіне жеке қызығушылығы болмауы қажет және үшінші тұлғалардың ықпалына түспеуі керек. Сот бейтарап төреші ретінде әрекет етеді және тек заң негізінде шешім қабылдайды", - деді ол.
Қазір процесс сот тергеуі сатысында. Соңғы үкім әлі шығарылған жоқ.
2025 жылы 10 cәуірде Талдықорғанда Шерзат Болаттың ісі бойынша сот процесі басталды. Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сот отырысы тікелей эфирден көрсетіледі.
Бұған дейінгі сот отырыстарында жәбірленуші тарап өкілдері, яғни марқұмның әжесі, ата-анасы, одан бөлек куәгерлер, айыпталушылар сөйледі.
Еске салайық, Талғарда 2024 жылы 4 қазанға қараған түні жасөспірім көз жұмды, кейінірек өңірдің Полиция департаменті осы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. Ал марқұм Шерзаттың отбасы бұл жайтқа қатысы барлардың бәрін ұстап, жазалауды талап етті. Қалаға ІІМ тобы жіберілді.
Талғардағы қайғылы оқиға: бейнебақылау камераларының жазбалары өшірілгені рас па?
Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Талғарда көз жұмған Шерзаттың отбасына тегін қорғаушы ұсынды. Сонымен қатар, Алматы облысы Полиция департаментінің өкілі Талғардағы жаппай төбелесте күдіктілер қандай суық қару қолданғанын айтты.
Кейінірек полиция тағы да мәлімдеме жасап, халық арасында тараған "Талғардағы жасөспірімнің өліміне бандиттердің қатысы бар" деген ақпаратқа пікір білдірді. Ал 12 қазанда Шерзат Болаттың үйі өртеніп кетті. Артынша марқұмның отбасын полиция күзететін болды.
Талғарда қаза тапқан жасөспірімнің үйі өртенді: оқиға орнынан фотолар
Кейін Шерзаттың ағасы да өлі табылды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!