Шерзат Полатқа қатысты атышулы қылмыстық іс бойынша кезекті сот отырысында тағы бір куәгер – Талғат Әшірбаев жауап берді. Ол оқиға орнында болған сәттерімен бөлісіп, күдікті Абзал Шынасылды "Қамажай" дүкенінің алдына өзі апарып тастағанын растады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Куәгердің айтуынша, ол Абзалмен бір колледжде оқыған, сондай-ақ Нұрқияс және Равиль есімді жігіттермен таныс болған.
"Қазанда "Эйфория" мейрамханасында той өткізуге дайындалып жүргенмін. Сол үшін кассаға бардым. Іште Абзал, Равиль және тағы 7–8 адам отырды, арасында 2 қыз болды. Амандастым, олар да менімен бірге шықты. Абзал көлікке сыймады, қалғаны Шыңғыстың "Мерс” көлігіне мінді. Абзал "уақытың болса, Автобазадағы "Жастар стадионына" апарып таста" деді. "Балалар ерегесіп қалыпты" деді, бірақ нақты кім екенін айтпады", – деді ол.
Талғаттың айтуынша, ол досы Әділбекпен бірге қара түсті "Мерс" көлігіне еріп барған. "Қамажай" дүкенінің алдына жеткенде, Абзал көліктен түсіп, сол маңға жүгіріп кеткен.
"Барып қалғанымда, дүкен жанында айқай-шу болып жатты. Жолды кесіп өтем дегенше, дүкен алдына сұр түсті "Равон" не "Нексиа" көлігі келіп тоқтады. Көліктен мылтық шыққанын көріп, біреуге кездейсоқ оқ тиіп кете ме деп қорқып, кетіп қалдық. Себебі жақында менің тойым, сол үшін өзімді сақтандырдым", – деді куәгер.
Оның айтуынша, атыс кезінде сол көліктен оқ атқан адам – Нұрғанат Ғайыпбаев. Бұған дейін де тергеу хаттамасында Нұрқанаттың аты аталған. Бұл жолы да куәгер оқты аспанға бір рет дәл осы адам атқанын көргенін нақтылады.
Оқиғадан он минут өткен соң Талғат қайта келіп, жағдайдың тынышталған-тынышталмағанын көргісі келген.
"Екі бала жерде жатты. Бірі бұрышта, екіншісі 3-4 метр қашықтықта. Анасының жылап жатқанын естідім. "Жедел жәрдем шақырыңдар, көмек!" деп айқайлап жатты. Бірақ көше қараңғы болғандықтан, қан көрген жоқпын", – деді ол. Сотта берген жауабында Талғат жедел жәрдем не полиция шақыруға қорыққанын, ол жерде жиналған адамдар көмектеседі деп үміттенгенін жеткізді.
Шерзат ісі бойынша сот отырысы
2025 жылы 10 cәуірде Талдықорғанда Шерзат Болаттың ісі бойынша сот процесі басталды. Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сот отырысы тікелей эфирден көрсетіледі.
Бұған дейінгі сот отырыстарында жәбірленуші тарап өкілдері, яғни марқұмның әжесі, ата-анасы, одан бөлек куәгерлер сөйледі. 28 сәуір оқиға түні сотталушылармен болған Эльмира Нұрбекова, Жақсыгелді Дана мен Юлдаш Розбакиев жауап берді.
Шерзат Болаттың өлімі туралы не белгілі?
Еске салайық, Талғарда 2024 жылы 4 қазанға қараған түні жасөспірім көз жұмды, кейінірек өңірдің Полиция департаменті осы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. Ал марқұм Шерзаттың отбасы бұл жайтқа қатысы барлардың бәрін ұстап, жазалауды талап етті. Қалаға ІІМ тобы жіберілді.
Талғардағы қайғылы оқиға: бейнебақылау камераларының жазбалары өшірілгені рас па?
Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Талғарда көз жұмған Шерзаттың отбасына тегін қорғаушы ұсынды. Сонымен қатар, Алматы облысы Полиция департаментінің өкілі Талғардағы жаппай төбелесте күдіктілер қандай суық қару қолданғанын айтты.
"Қазақ болып күресеміз". Заңгер Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты істі соңына дейін жеткізетінін айтты.
Кейінірек полиция тағы да мәлімдеме жасап, халық арасында тараған "Талғардағы жасөспірімнің өліміне бандиттердің қатысы бар" деген ақпаратқа пікір білдірді. Ал 12 қазанда Шерзат Болаттың үйі өртеніп кетті. Артынша марқұмның отбасын полиция күзететін болды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Бақдаулет