Шерзат ісі: айыпталушы сотта жалған сөйлегенін мойындады

Шерзат ісі: айыпталушы сотта жалған сөйлегенін мойындады
Фото: Massaget.kz/Болат Айтмолда

Талдықорғанда Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Прокурордың сұрақтарына Азамат Тоқтаубаев жауап берді. Ол неге кісі өлтірілген түні үй қамақта бола тұра көшеде, жанжалдың дәл ортасында жүргенін түсіндірді.

Тергеу барысында прокурор айыпталушыдан оның қандай бап бойынша үй қамаққа алынғанын айтуын сұрады. Алайда ол бұл сұраққа жауап беруден бас тартты, себебі бұл сұрақ қаралып жатқан іске қатысы жоқ екенін айтты.

Судья айыпталушыны қолдады. Дегенмен Тоқтаубаев адам өлген түні үйден неге шыққанын түсіндірді.

"2023 жылы желтоқсанда бір іс бойынша күдікті ретінде танылдым, сот санкциясымен екі айға УҰИ-ға қамалдым. Кейін адвокатым бұл санкцияны "үй қамаққа" өзгертуге қолжеткізді. Жәбірленуші де менің бұл іске қатысым жоқ екенін айтқан. Жаз бойы үй қамақта болып, белгіленіп отырдым", – деді Тоқтаубаев.

"Яғни түнгі 10-нан кейін үйде болуыңыз керек екенін, көңіл көтеретін орындарға бармауыңыз қажет екенін білдіңіз бе?" – деп нақтылады айыптау тарапы.

"Менің әрекетімді заңбұзушылық деп санауыңызға болады. Себебі мен үйқамақ режимін бұзбауым керек еді. Бірақ сол түні балам ауырып қалды, сондықтан түнде үйден шығуыма тура келді", – деп жауап берді айыпталушы.

Айта кетейік, Шерзаттың өлімінен кейін Азамат Тоқтаубаев жеті жылға бас бостандығынан айырылған.

"2024 жылы 17 қазанда сол іс бойынша үкім шықты. Халық наразылық білдірген соң, Талғар аудандық соты мені осы іске қатысы бар деп, жәбірленушілер мен куәгерлердің сөзін ескермей, ең төменгі жаза тағайындады. Мен Жоғарғы сотқа шағым түсірдім. Бұл істі де жеңіп шығамын, ақталамын", – деді Азамат Тоқтаубаев сотта.

Сондай-ақ, жауап алу барысында Тоқтаубаев тергеу кезінде тағы бір күдікті Дархан Әскентайға қатысты жалған жауап бергенін мойындады.

Прокурор оған тергеу кезінде Әскентайдың біреуге қол көтергенін көргенін айтқанын еске салды.

"Мен ол сөзімді растамаймын. Ол кезде мен Дарханға ренжулі болдым, сондықтан солай айттым. Ол ешкімге қол көтерген жоқ, қолында қару да болмады. Сол сөзім үшін өкінемін. Дарханның біреуді ұрғанын көрмедім. Бастапқы жауаптарымда жалған айттым", – деді ол.

"Яғни, сіз Дарханға жала жаптыңыз ба?" – деп нақтылады мемлекеттік айыптаушы.

"Жоқ, мен ешкімге жала жаппадым", – деді айыпталушы.

Кеше, 15 мамырда сотта айыпталушы Нұрбол Тоқтаубаев жауап берген болатын. 

Шерзат ісі бойынша сот отырысы

2025 жылы 10 cәуірде Талдықорғанда Шерзат Болаттың ісі бойынша сот процесі басталды. Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сот отырысы тікелей эфирден көрсетіледі.

Бұған дейінгі сот отырыстарында жәбірленуші тарап өкілдері, яғни марқұмның әжесі, ата-анасы, одан бөлек куәгерлер, айыпталушылар сөйледі.

Шерзат Болаттың өлімі туралы не белгілі?

Еске салайық, Талғарда 2024 жылы 4 қазанға қараған түні жасөспірім көз жұмды, кейінірек өңірдің Полиция департаменті осы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. Ал марқұм Шерзаттың отбасы бұл жайтқа қатысы барлардың бәрін ұстап, жазалауды талап етті. Қалаға ІІМ тобы жіберілді.

Талғардағы қайғылы оқиға: бейнебақылау камераларының жазбалары өшірілгені рас па?

Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Талғарда көз жұмған Шерзаттың отбасына тегін қорғаушы ұсынды. Сонымен қатар, Алматы облысы Полиция департаментінің өкілі Талғардағы жаппай төбелесте күдіктілер қандай суық қару қолданғанын айтты.

"Қазақ болып күресеміз". Заңгер Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты істі соңына дейін жеткізетінін айтты.

Кейінірек полиция тағы да мәлімдеме жасап, халық арасында тараған "Талғардағы жасөспірімнің өліміне бандиттердің қатысы бар" деген ақпаратқа пікір білдірді. Ал 12 қазанда Шерзат Болаттың үйі өртеніп кетті. Артынша марқұмның отбасын полиция күзететін болды. 

Талғарда қаза тапқан жасөспірімнің үйі өртенді: оқиға орнынан фотолар 

Кейін Шерзаттың ағасы да өлі табылды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget