Талдықорғанда Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сотта кәмелетке толмаған айыпталушыдан жауап алынды. Оның айтуынша, 2024 жылы 3 қазанда Нұрбол есімді танысы қоңырау шалғанда үйде болған, ол мас екенін жеткізіп, Думаннан алып кетуін өтінген. Айыпталушының сөзінше, жасы үлкен танысын сыйлағандықтан бұған келіскен.
"Алдымен біз оның досын апардық. Содан кейін Нұрбол Шыңғысқа қоңырау шалды, ол кафеде екенін айтты. Нұрбол 15 минутқа соғып кетуді өтінді", - деді ол.
Кафеде Нұрбол біреумен телефон арқылы сөйлескен, кейін досы Дарханды біреу соққыға жыққанын айтып, бір дүкенге соғып кетуді ұсынған.
"Онда Қаржаубай, Дархан болды. Ол Дархан алған затын төлемегенін айтты. Содан кейін Нұрбол бәрін төледі, біз кетіп қалдық. Бірақ жолда Дархан ренжіп, Нұрболға бәрін төлегенін айтып, чекті көрсетті. Біз соны айту үшін қайта келдік. Сол жерде Қаржаубайдан сұрадым, ол жағдайды түсіндірді. Одан бізге өкпесі бар-жоғын сұрадым, ол "жоқ" деді. Оған Дарханды танымайтынымды, Нұрбол үшін ғана келгенімді түсіндірдім. Сосын көлікке отырдым", – деді жасөспірім.
Айыпталушының сөзінше, осыдан кейін Нұрболды көлікте күтіп отырған, бірнеше рет кетуді ұсынған, бірақ ол тағы біраз күтуді өтінген. Көп ұзамай бұл жерге басқа адамдар келген. Кәмелетке толмаған жасөспірім оқ секілді дыбыс естігенін, қорқып кеткенін айттты. Бірнеше минуттан кейін жанынан Mercedes көлігі өткенін, ішінде Нұрбол бар шығар деген оймен көлікті қайтару үшін ізінен жүргенін жеткізді.
"Олар басқа дүкенге тоқтады. Нұрбол "тағы біраз күте тұр" деді. Абзал Шынасыл пышақ сүрткенін көрдім, көлікте мылтық болды... Не болғанын сұрадым, олар "бәрі жақсы" деді... Біз тауға қарай жүрдік, сол жерден мен үйге кеттім. Келесі күні мектепте Шерзат қайтыс болғанын білдім... Полицияға хабарлағым келді, бірақ қорықтым. Екі күннен кейін мені жауап алуға шақырды", - деді ол.
Шерзат ісі бойынша сот отырысы
2025 жылы 10 cәуірде Талдықорғанда Шерзат Болаттың ісі бойынша сот процесі басталды. Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сот отырысы тікелей эфирден көрсетіледі.
Бұған дейінгі сот отырыстарында жәбірленуші тарап өкілдері, яғни марқұмның әжесі, ата-анасы, одан бөлек куәгерлер сөйледі.
Шерзат Болаттың өлімі туралы не белгілі?
Еске салайық, Талғарда 2024 жылы 4 қазанға қараған түні жасөспірім көз жұмды, кейінірек өңірдің Полиция департаменті осы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. Ал марқұм Шерзаттың отбасы бұл жайтқа қатысы барлардың бәрін ұстап, жазалауды талап етті. Қалаға ІІМ тобы жіберілді.
Талғардағы қайғылы оқиға: бейнебақылау камераларының жазбалары өшірілгені рас па?
Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Талғарда көз жұмған Шерзаттың отбасына тегін қорғаушы ұсынды. Сонымен қатар, Алматы облысы Полиция департаментінің өкілі Талғардағы жаппай төбелесте күдіктілер қандай суық қару қолданғанын айтты.
Кейінірек полиция тағы да мәлімдеме жасап, халық арасында тараған "Талғардағы жасөспірімнің өліміне бандиттердің қатысы бар" деген ақпаратқа пікір білдірді. Ал 12 қазанда Шерзат Болаттың үйі өртеніп кетті. Артынша марқұмның отбасын полиция күзететін болды.
Талғарда қаза тапқан жасөспірімнің үйі өртенді: оқиға орнынан фотолар
Кейін Шерзаттың ағасы да өлі табылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова