Шерзат Полат ісі: сотта куәгерлер мен полиция қызметкерлері жауап берді

Шерзат Полат ісі: сотта куәгерлер мен полиция қызметкерлері жауап берді
Фото: Жоғарғы сот

Талдықорғанда жасөспірім Шерзат Полаттың қазасы бойынша сот процесі жалғасып жатыр. 29 сәуірдегі сот отырысында куәлерден жауап алынып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алғашқы болып сот залына 16 жастағы куә Б.Асқарбек шақырылды. Кәмелет жасқа толмағандықтан, куәгердің бет-әлпеті көрсетілмеді. Ол сотталушы Дархан Әскентай мен жасөспірім Думан Ысқақты танитынын айтты. Думан Ысқақпен бір мектепте оқыған.

Куә қайғылы оқиға болған күні Дархан Әскентайдың шотына мың теңге аударған. Айтуынша, мұны жездесінің өтініші бойынша орындаған.

"Апам Светлана Қалтаеваның шотынан Дархан Әскентайға мың теңге аудардым. Дарханды жездеммен бірге жүргенде көретінмін. Оның алдында бір рет ақша аударғанмын. Аударым жасағаннан кейін түбіртекті Дарханның өзіне жібердім. 2024 жылдың 3 қазанында болған оқиғаны кейін естідім", – деді куә.

Кәмелетке толмаған куәден жауап алу аяқталды. Кейіннен 72 жастағы куә Светлана Қалтаева сот залына шақырылды. Зейнеткер ақша аударудан хабары болмағанын, банк қосымшасын пайдалана алмайтынын айтты.

Сот залына куә Еркебұлан Тоқтарбай шақырылды. Ол өзінің сотталушы Дархан Әскентайдың сыныптасы екенін айтты. Куә қайғылы оқиға болған күні сотталушыны көрген, оның бірнеше бөтелке сыра ішкенін айтты.

Сотқа куә Талғар ауданы полиция басқармасында патрульдік полиция болып қызмет ететін Жәнібек Әмірақын да шақырылды. Ол сотталушы Дархан Әскентайды танитынын, бір сыныпта оқығанын айтты. Басқа сотталушы, жәбірленушілерді танымайтынын жеткізді.

"Қамажай" дүкеніне барған жерден кезде қанды көрдім. Адамдардан баланың пышақталғанын, әкесі емханаға алып кеткенін білдім. Golf пен Mercedes автокөлігі туралы білдік. Рысқұлов ауылына қарай жүрген кезде қара Golf автокөлігін көрдік. Барған кезде ішінде ешкім болмады. 102-ге қайта хабарласып, автокөлікті тапқанымызды айттық. Сол кезде бір жігітті байқадық, оны әріптесіміз екеуміз ұстадық. Ол сұрау барысында төбелеске қатысты бар екенін айтты, ол Дархан Әскентай болып шықты. Оны бірден танымадым. Көзі ісіп кеткен. Тау жақта жарық жоқ", – дейді куә.

Айтуынша, сотталушы Дархан Әскентай ұстау барысында еш қарсылық танытпаған. Сондай-ақ қатты масаң күйде болған. Куәгерлер әлі де жауап беріп жатыр. 

Еске салсақ, 28 сәуір оқиға түні сотталушылармен болған Эльмира Нұрбекова, Жақсыгелді Дана мен Юлдаш Розбакиев жауап берді.

Еске салайық, Талғарда 2024 жылы 4 қазанға қараған түні жасөспірім көз жұмды, кейінірек өңірдің Полиция департаменті осы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. Ал марқұм Шерзаттың отбасы бұл жайтқа қатысы барлардың бәрін ұстап, жазалауды талап етті. Қалаға ІІМ тобы жіберілді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

А. Бақдаулет
Logotype Massaget