Талдықорғанда Шерзат Полаттың ісі бойынша сот процесі бүгін де жалғасты. Бұл жолы да Эльмира Нұрбекова жауап берді. Ол қанды түні сотталушылармен бірге көлікпен "Қамажай" дүкенінің алдына келген. Қазір Нұрбекова іс бойынша қорғалуға құқығы бар куәгер ретінде танылып отыр және бұған дейінгі берген жауаптарынан бас тартып, өз әрекетін шок жағдайымен түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сот отырысында адвокат Эльмира Нұрбековаға мынадай сұрақ қойды:
"5 қазан күні берген жауабыңызда Абзалдың пышақты қай жерге сұққанын дәл сипаттап бердіңіз. Мұны сіз қайдан білдіңіз? Мен сот материалдарын зерттегенде, сараптама қорытындысы қарашаның 11-і күні ғана шыққанын көрдім. Сол кезде ғана бұл мәлімет бізге белгілі болды. Ал сіз 5 қазанда нақты айтып бердіңіз. Сонда мұны біреу сізге айтты ма, әлде өзіңіз осылай жауап бердіңіз бе?" – деп сұрады адвокат.
Нұрбекова өз кезегінде ұсталған кезде екі күн бойы жүзден астам адамның алдында жауап беріп, шаршап-шатасқанын айтты.
"Бізді ұстаған кезде екі күн бойы ұйықтамай, тамақ ішпей жүрдік. Ішкі істер бөлімінде 100-ге тарта адам сұрақ қойды. Сол кезде олардың не сұрағанын да түсінбедім. Жауаптарымды орыс тілінде бердім, қазақша қалай аударғанына назар аудармадым. Үйге қайту үшін алдыма қойған қағаздарға қол қоя бердім", – деді Эльмира Нұрбекова.
Бірақ сол кезде жазылған видеоларда куәгердің жауаптары толықтай қазақ тілінде болған. Сот процесі қазір тікелей эфирде жалғасып жатыр. Сот отырысы Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында өтіп жатыр. Айыпталушылар орындығында тоғыз адам бар, олардың бірі кәмелетке толмаған.
Еске салайық, Талғарда 2024 жылы 4 қазанға қараған түні жасөспірім көз жұмды, кейінірек өңірдің Полиция департаменті осы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. Ал марқұм Шерзаттың отбасы бұл жайтқа қатысы барлардың бәрін ұстап, жазалауды талап етті. Қалаға ІІМ тобы жіберілді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Бақдаулет