Прокурор Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша өткен сот отырысында айыптау актісін оқыды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тергеу нұсқасына сәйкес адам өлтіруге басты айыпталушы - Абзал Шынасыл. Прокурордың айтуынша, Абзал Шынасыл Шерзатқа пышақпен соққы жасаған.
"Шынасыл кәмелетке толмаған Болатқа аса қатыгездікпен пышақ сұққан. Шерзат Болат соққыны сезіп, қашуға әрекеттенген. Бірнеше метр жүгірген соң құлаған", – деді прокурор.
Мемлекеттік айыптаушының мәліметінше, одан кейін бүкіл топ Шерзаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевқа шабуыл жасаған. Оған да бірнеше рет пышақ салған. Прокурордың айтуынша, жаппай төбелеске қатысушылар Шерзат Болаттың ауыр халде жатқанын көре тұра, оған қайта жақындап, аяқпен тепкілеп, басынан ұрған.
Төбелестен кейін шабуылдағандардың барлығы оқиға орнынан бой тасалаған. Ал ауыр жараланған Шерзат Болатты әкесі Қаржаубай Нұрымов өз көлігімен Талғар ауруханасына жеткізген, алайда ол көз жұмған.
2025 жылы 10 cәуірде Талдықорғанда Шерзат Болаттың ісі бойынша сот процесі басталды. Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сот отырысы тікелей эфирден көрсетілді.
Еске салайық, Талғарда 2024 жылы 4 қазанға қараған түні жасөспірім көз жұмды, кейінірек өңірдің Полиция департаменті осы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. Ал марқұм Шерзаттың отбасы бұл жайтқа қатысы барлардың бәрін ұстап, жазалауды талап етті. Қалаға ІІМ тобы жіберілді.
Талғардағы қайғылы оқиға: бейнебақылау камераларының жазбалары өшірілгені рас па?
Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Талғарда көз жұмған Шерзаттың отбасына тегін қорғаушы ұсынды. Сонымен қатар, Алматы облысы Полиция департаментінің өкілі Талғардағы жаппай төбелесте күдіктілер қандай суық қару қолданғанын айтты.
Кейінірек полиция тағы да мәлімдеме жасап, халық арасында тараған "Талғардағы жасөспірімнің өліміне бандиттердің қатысы бар" деген ақпаратқа пікір білдірді. Ал 12 қазанда Шерзат Болаттың үйі өртеніп кетті. Артынша марқұмның отбасын полиция күзететін болды.
Талғарда қаза тапқан жасөспірімнің үйі өртенді: оқиға орнынан фотолар
Кейін Шерзаттың ағасы да өлі табылды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!