Шерзат Болаттың өліміне қатысты күдіктілер туралы жаңа деректер айтылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ұсталғандардың арасында бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылған адамдар бар болып шықты. Бұл туралы ІІМ тергеу департаменті бастығының орынбасары Самат Аисов брифинг барысында мәлімдеді.
"Қылмыстық іс бойынша күдіктілердің ішінде қылмыстық іспен кезінде (тергеуден өткен болуы мүмкін - еск.) өткен адамдар да, сотталған адамдар да бар. Қылмыстардың түрлері бұзақылық, тағы да басқа", - деді ол.
Самат Аисов күдіктілердің жасын да атады, олар 1993, 1996, 1998, 2000 жылдары дүниеге келген.
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленовтің сөзінше, БАҚ-та жазылып жатқан "Хутор" ұйымдасқан қылмыстық тобы ішкі істер органдарында есепте тұрмайды.
"Осы іс аясында ұсталғандардың қысқаша, ауызша портретін таныстырайын. Екеуі ипподромда жұмыс істейді, бірі "Шымбұлақта" жұмысшы, тағы бірі "Ақбұлақта" күзетші, екеуі сұлулық салонында жұмыс істейді", - деді ол.
"Күдіктілердің арасында пробациялық бақылауда болғандар бар ма?" деген сұраққа да жауап берілді.
"Пробациялық бақылаудағы, түнгі мерзімде жүрген тұлғалар бойынша қызметтік тексеріс өткізіп, біздің қызметкерлер не себепті бұған жол бергендерін анықтаймыз, нәтижесін толықтай баяндаймыз", - деді Бауыржан Әленов.
Еске салайық, Талғарда 4 қазанға қараған түні жасөспірім көз жұмды, кейінірек өңірдің полиция департаменті осы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. Ал марқұм Шерзаттың отбасы бұл жайтқа қатысы барлардың бәрін ұстап, жазалауды талап етті. Қалаға ІІМ тобы жіберілді.
Талғардағы қайғылы оқиға: бейнебақылау камераларының жазбалары өшірілгені рас па?
Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Талғарда көз жұмған Шерзаттың отбасына тегін қорғаушы ұсынды. Сонымен қатар Алматы облысы полиция департаменті өкілі Талғардағы жаппай төбелесте күдіктілер қандай суық қару қолданғанын айтты.
Кейінірек полиция тағы да мәлімдеме жасап, халық арасында тараған, "Талғардағы жасөспірімнің өліміне бандиттердің қатысы бар" деген ақпаратқа пікір білдірді. Ал 12 қазанда Шерзат Болаттың үйі өртеніп кетті. Артынша марқұмның отбасын полиция күзететін болды.
Талғарда қаза тапқан жасөспірімнің үйі өртенді: оқиға орнынан фотолар
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!