Шерзат Болаттың ағасы өлі табылды. Ақпаратты Алматы облыстық полиция департаменті растады, - деп хабарлайды Massaget.kz
Талғар қаласының маңында 30 жастағы ер адамның денесі табылған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ол асылып, өзіне-өзі қол жұмсаған.
"Марқұм биыл 4 қазанда қайғылы жағдайда қаза тапқан кәмелетке толмаған Шерзат Болаттың ағасы екені анықталды. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір барлық жағдайды анықтау үшін тергеу жүргізіліп жатыр. Қылмыстық сипаттағы қандай да бір белгілер анықталмады", - деп жазылған полиция хабарламасында.
Полиция марқұм Шерзат Болаттың отбасы барлық уақытта полицейлердің қорғауында болғанын мәлімдеді.
"Марқұмның отбасына қатысты қандай да бір қауіп-қатер тіркелген жоқ. Күзеткен қызметкерлердің сөзінше, ер адам күзетілетін нысаннан сағат 23:30-да шығып, жеке көлікпен кеткен", - деп жазылған хабарламада.
ІІМ тергеу мүддесі үшін өзге ақпаратты жарияламады. Сондай-ақ тек ресми дереккөздерге сенуді сұрады.
"Жалған ақпаратты тарату қылмыстық жауапкершілікке дейін әкелуі мүмкін екенін еске саламыз", - деп ескертті полиция.
Еске салайық, Талғарда 4 қазанға қараған түні жасөспірім көз жұмды, кейінірек өңірдің полиция департаменті осы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. Ал марқұм Шерзаттың отбасы бұл жайтқа қатысы барлардың бәрін ұстап, жазалауды талап етті. Қалаға ІІМ тобы жіберілді.
Талғардағы қайғылы оқиға: бейнебақылау камераларының жазбалары өшірілгені рас па?
Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Талғарда көз жұмған Шерзаттың отбасына тегін қорғаушы ұсынды. Сонымен қатар Алматы облысы полиция департаментінің өкілі Талғардағы жаппай төбелесте күдіктілер қандай суық қару қолданғанын айтты.
Кейінірек полиция тағы да мәлімдеме жасап, халық арасында тараған "Талғардағы жасөспірімнің өліміне бандиттердің қатысы бар" деген ақпаратқа пікір білдірді. Ал 12 қазанда Шерзат Болаттың үйі өртеніп кетті. Артынша марқұмның отбасын полиция күзететін болды.
Талғарда қаза тапқан жасөспірімнің үйі өртенді: оқиға орнынан фотолар
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!