Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Шерхан Мұртазаның қайтыс болуына байланысты туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады, - деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты. Мемлекет басшысы Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шерхан Мұртазаның қайтыс болғаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдады. - Шерхан Мұртаза бүкіл ғұмырын төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің дамуына арнаған біртуар азамат, қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған нар тұлғалы қаламгер, қарымды қоғам қайраткері болды. Ұлт руханиятында өзіндік қолтаңбасы бар заңғар жазушы соңына мол мұра, өрісті өнеге қалдырды. Шерхан Мұртаза қазақ журналистерінің бірнеше буынын тәрбиелеген ұлттық баспасөздің биік бәйтерегі еді. Қашанда әділдік пен ақиқаттың алдаспаны болғаны үшін қара сөздің зергері, шындықтың шырақшысы атанған Шерхан Мұртазаны халқы Шерағаң деп қадір тұтты. Сонау Теміртаудағы еңбек жолымның тікелей куәсі болған ол Тәуелсіз мемлекеттің іргесін қалаған жылдарда да жанымда жүріп, елді ілгерілету ісіне зор үлес қосты. Шерхан Мұртазаның қазақ руханиятындағы орны мен жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды деп сенемін, - делінген жеделхатта. Айта кетейік, қоғам қайраткері, ҚР-ныңеңбексіңірген мәдениет қызметкері (1984), Қазақстанның халық жазушысы (1992) Шерхан Мұртаза кеше 86 жасында дүниеден озды. Қазақстандық жазушымен қоштасу рәсімі ертең, 11 қазанда Мұхтар Әуезов атындағыатындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында сағат 10:00-де өтеді.