"Шенген визасын алу қиындады". СІМ түсінік берді

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Қазақстан азаматтары үшін Шенген визасын алу қиындағанына қатысты түсінік берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол бүгінде СІМ Еуропа одағы өкілдерімен визалық режимді жеңілдету бойынша жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

"Еуропа елдері консулдарының ақпаратына қарағанда Қазақстанда жалған құжаттарды ұсыну дерегі жиілеп кетті. Бұл өз кезегінде Шенген визасын беруден бас тарту фактілерінің өсуіне алып келеді", - деді Айбек Смадияров СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, виза алу үшін жалған деректері бар құжаттарды ұсыну Қазақстан имиджіне елеулі зиян келтіріп, келіссөз жүргізуді қиындатады.

"Бұл болашақта визадан бас тарту мүмкіндігін арттыра отырып, азаматтарымыздың визалық мәліметтерін нашарлатады. Мұндай жалған құжаттар мұқият тексерілетінін ескерсек, визалық өтініштерді қарау мерзімін ұзартады. Салдарынан азаматтардың визаны кешіктіру туралы шағымдары жиілеп кетті. Осыған байланысты қажет құжаттарды ұсыну, визаға өтініш беру, тиісті алымдарды төлеу процесін мұқият бақылауға шақырамыз", - деді ресми өкіл.

Ол шетелге шыққысы келетін тұрғындарға кеңес берді.

"Осыдан "Бізге неге визаны тез бермейді?" деген сұрақ туындайды. Әрине, жалған ақпарат берсең (виза беру рәсімі де) созылады. Жалған ақпаратты берген адам олардың арнайы тізіліміне енгізіледі. Келешекте оған виза алу қиын болады. Сондықтан қазақстандықтар ақпарат беретін болса, нақты ақпарат беруі керек. Бұл бәріне әсер етіп жатыр", - деді Айбек Смадияров.

Аяз Есен

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!