Қаржы министрі Мәди Такиев шенеуніктің декларация тапсырмайтын туысының мүлкі қалай тексерілетінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
БАҚ өкілі министрге "Қазір әлеуметтік желіде мынадай пікірталас болып жатыр: "Келесі жылы мемлекеттік қызметкерлер декларация жариялайды. Ал зейнеткерлерді декларациядан босату сол үлкен шенеуніктердің мүлкін зейнеткерлерге тіркеп, сол арқылы жариялаудан құтылып кету тетігін ашып отыр" дейді.
Осы туралы пікіріңізді айтыңызшы. Шенеуніктердің зейнет жасындағы туыстары, жұмыссыз ретінде тіркелген туыстары декларация тапсыруға міндеттеле ме, әлде олар да 8 миллион адам қатарында декларация тапсырудан босатыла ма?" деген сұрақ қойды.
"Келесі жылдан бастап өз мүлігіңді біреудің атына жаза алмайсың. Жазсаңыз, ол кісі қайдан алғанын көрсетуі керек. Қарапайым кісі болып жүрсе, оған 100-200 миллионды қайдан алды деген сұрақ туындайды. Сондықтан ондай сұрақ болмауы керек. Зейнеткер де мүлік сатып алса, қайдан сатып алғанын көрсетуі керек. Біз оны көреміз. Зейнетақысы мынадай, қай жерден алды деген сұрақ туындайды", - деді министр Мәжіліс кулуарында.
Еске салайық, кеше Үкімет отырысында 8 миллион қазақстандық жалпыға бірдей декларация тапсырудан босатылатыны белгілі болды.
Декларацияны 4,8 миллион адам, оның ішінде мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектор өкілдері және олардың жұбайлары тапсырады.
Қалған санаттағы азаматтарды (зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер, т.б.) міндетті декларациядан босату ұсынылды. Бұл шешім жеке тұлғалардың 90 пайыздан астамына әсер етеді.
Декларация тек шетелде активтері бар, құны 20 мың АЕК-тен аса қаржыға мүлік алған немесе салық салынатын табыс алған азаматтар үшін сақталады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!