Шенеуніктердің биыл орындалуы тиіс уәделері

Шенеуніктер биыл қандай уәделер берді? Оның ішінде көлік алу, жолдар, мектептер құрылысына қатысты уәделер бар. Massaget.kz тілшісі шенеуніктер биыл аяқтауға уәде берген мәселелерді жинады. 

4 пайыздық автонесиемен қанша қазақстандық көлік ала алады?

Astana Motors бас директоры Бекнұр Несіпбаев биыл қанша қазақстандық 4 пайыздық автонесиемен көлік сатып ала алатынын айтты. Ол биыл 15-17 мың қазақстандық көлік ала алады деп уәде берді. 

"Шамамен алғанда, 15-17 мың адамға дейін ала алады", - деді Несіпбаев ақпанда өткен баспасөз мәслихаты. 

21 маусымдағы жағдай бойынша, банктер 82 миллиард теңге сомасындағы 10 888 өтінімді қабылдап, 4 847 автокөлік берілген. 

"Шамалған станциясының айналма жолы пайдалануға беріледі"

2019 жылы қыркүйекте Алматы облысындағы Шамалған станциясында пойыз бен жолаушылар автобусы соқтығысқан еді. Соның салдарынан автобус жүргізушісі қаза тауып, үш жолаушы зардап шеккен болатын. 

Ал биыл сол Шамалған станциясының айналма жолы пайдалануға беріледі. Ол "ҚазАвтоЖол" баспасөз қызметі биыл пайдалануға берілетін жолдар арасында жазылған. 

"Республикалық маңызы бар жолдарда құрылыс жұмыстары басталды. Мәселен, биылғы жол-құрылыс маусымында Алматы облысы бойынша 4 жоба қолға алынды. Олардың қатарына "Күрті-Бурылбайтал"; "Күрті-Қапшағай"; "Үшарал-Достық" және Шамалған станциясының айналма жолы жатады.

"Күрті-Бурылбайтал" жобасы бойынша 2152-2295 км аралығы (143 шақырым) жыл соңына дейін құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Бұдан басқа, "Күрті-Қапшағай" (67 шақырым) жобасы бойынша бір бағытта қозғалыс ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, "Үшарал-Достық" (180 шақырым) тас жолында қозғалыс ашылады", - делінген хабарламада. 

Қазір Шамалған станциясының айналма жолында (ұзындығы 6 шақырым) құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жылдың соңына дейін бұл нысан пайдалануға берілетіні айтылған.

"Сумен жабдықтау саласындағы ұзақ мерзімді үш құрылыс биыл аяқталады"

Премьер-министр Әлихан Смайылов сумен жабдықтау саласындағы ұзақ мерзімді үш құрылыс нысанын 2022 жылға дейін пайдалануға беруге уәде берді.

"Топтық су құбырлары құрылысының кейбір жобалары жылдар бойы жүзеге асырылып келе жатқанын білеміз. Қазір жағдай жақсы жаққа өзгеріп жатыр. Ұзақ мерзімге жоспарланған 10 құрылыс нысанының жетеуі пайдалануға берілді. Қалған үш ұзақ мерзімді құрылыс биыл пайдалануға беріледі. Бұл көп жағынан жобалық құжаттама сапасыз әзірленіп, кейіннен жоба құны қымбаттауының, тапсырыс беруші мен мердігерлер арасындағы келіспеушіліктердің, үйлестіру болмауының салдары", - деді Смайылов биыл мамырдағы Үкімет отырысында.

Досаев самокатшылар қозғалысын реттеуге уәде берді

Ерболат Досаевты қалада бір самокатшы қағып кете жаздаған. Әкім қала тұрғындарының назын тыңдап, самокат пен мопедтер мәселесін шешуге уәде берді. 

"Көктем келгенде қала әкімі ретінде самокаттар мен мопедтер мәселесі мен үшін ең ауыр болып тұр. Өкінішке қарай, бізде мопедтер көлік құралы болып саналмайды. Олар бізде белгілі бір қозғалтқыш көлеміне дейін велосипед болып саналады, сондықтан бүгінде ІІМ самокаттар мен мопедтердің қозғалысын реттеу туралы заң жобасын әзірлеп жатыр. Мен мәслихатқа тапсырма бердім, өз шешімімізбен қалада бұл жағдайды реттейміз", - деді әкім Алмалы ауданының тұрғындарымен кездесуде.

©REUTERS

Ерболат Досаев мұны шешу үшін заңнамалық база керегін атап өтті.

"База болады деп уәде беремін. Қаладан құқықтар туралы қосымша ұсыныс бар: егер адам мопедпен жүрсе, онда оның жүргізуші куәлігі болуы керек. Біз самокат операторларымен жұмысты бастаймыз, олар самокатты кәмелетке толған және ЖҚЕ сақтауға мүмкіндігі бар адамдар жалға алатынын растауы керек", - деп мәлімдеді әкім.

Каспийдегі жануарлардың жаппай қырылуы: министр уәдесі

Каспий теңізінде Қызыл кітапқа енген құстар мен жануарлардың жаппай қырылуынан кейін экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Каспий акваториясы мен жағалау аумағында ауқымды зерттеу жүргізуге және мұнай өндіруші компаниялардың экологияға әсерін тексеруге уәде берді. 

Таяуда "Қашаған" кен орны маңында Қызыл кітапқа енген мыңға жуық өлі шағала табылған. Оның алдында жүздеген итбалық пен қарақұс та жаппай қырылған еді. 

"Иә, бұл шынымен де солай. Бүгінде тиісті инспекциялар өлген құстардан сынама алды. Қазір сараптама жүргізіліп жатыр, оның қорытындысы бойынша белгілі бір нәтиже шығады", - деді министр Мәжіліс отырысынан кейін журналистердің сұрақтарына жауап беріп.

Министр жаңа көлік сатып алуды жеделдетуге уәде берді

Ресейліктер қазақстандық автосалондардағы саудаға аса қызығушылық танытып жатқаны бұған дейін де хабарланған. Бұл қазақстандықтарға қолайсыздықтар туғызып отыр. Қазақстандықтар көлік алу үшін бірнеше ай кезекке тұруға мәжбүр. Бұған қатысты индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев тиісті шара қолдануға уәде берді.

"Бұл - дұрыс сұрақ. Өйткені қазір халық шынымен 3-4 ай кезекте тұрады. Егер бұл мерзім өзгермесе, біз қазақстандықтардың отандық автокөліктерді алуы үшін тиісті шараларды қабылдаймыз", - деді министр. 

"Түркістан облысындағы тоннель 2022 жылы пайдалануға беріледі"

Egemen.kz порталының мәліметінше, Дүниежүзілік банктің, Автомобиль жолдары комитетінің және "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Түркістан облыстық филиалының өкілдері республикалық маңызы бар "Қорғас-Алматы-Тараз-Шымкент-Ташкент" 593-632 шақырым (Шақпап Баба ауылы) автожолының қайта құру учаскесіндегі тоннельге бірлесіп шықты.

ҚР ИИДМ мәліметінше, автомобиль жолдары республикалық маңызы бар "Қорғас-Алматы-Тараз-Шымкент-Ташкент" 593-632 шақырым тоннельдің бір жақ жолағының 840 метр құрылысы аяқталды. Қазіргі уақытта бетон жұмыстары толығымен аяқталып, дренаж жүйесінің құрылысы жүргізіліп жатыр.

"Екінші жолақтың ашылуына 340 метр қалды. Жоба 2022 жылы пайдалануға беріледі", - делінген хабарламада.

"Биыл Алматыда 22 мектеп пайдалануға беріледі"

Аlmaty.tv мәліметінше, биыл Алматыда 14 245 оқушы орнына есептелген 22 мектеп пайдалануға беріледі. Бұл туралы қала мәслихатының XVI сессиясы барысында өңір әкімі Ерболат Досаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, 2022 жылы білім беруге 275,2 миллиард теңге қарастырылған. Бюджетті осы нақтылау аясында қосымша 9,4 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр.

"2022 жылы оқушы орнының тапшылығын азайту мақсатында 46 мектептің құрылысы жалғасып, 14 245 оқушы орнына есептелген 22 мектеп биыл пайдалануға беріледі", - деді қала әкімі.  

Сонымен қатар Бостандық, Әуезов, Алмалы, Жетісу аудандарындағы мектептерге жапсарлас 5 ғимараттың құрылысын аяқтауға қосымша 1,8 миллиард теңге бөлу ұсынылады.

"Құлжа тасжолындағы жолайрық биыл ашылады"

Алматыда Құлжа тасжолындағы жолайрық құрылысын толық аяқтау 2022 жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарланған болатын. Енді оның мерзімі шегеріліп отыр.  

Ерболат Досаев Құлжа тасжолы мен Бұқтырма көшелері қиылысындағы жолайрық қашан ашылатынын айтты.

Түрксіб ауданының тұрғындарымен кездесуде Алматы әкімі осы аудандағы жолайрықтардың бірі қашан салынып бітетінін айтты.

"Құлжа тасжолы мен Бұқтырма көшелері қиылысындағы жолайрық құрылысы 2022 жылдың желтоқсанында аяқталады", - деді Досаев.

Massaget.kz порталы осы және басқа да уәделер орындалуын бақылайды.