"Мен де халықтың бір бөлігімін". Шенеуніктер кейде халық проблемасына келгенде осылай жауап береді. Халыққа жақын болып көрінгісі келетіндей. Massaget.kz тілшісі шенеуніктердің "халықпен бірге жүрмін" деген мәлімдемелерін еске түсірді.
Асхат Аймағамбетов
Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов жаңа оқу жылы қарсаңында баласының мектеп формасына қанша ақша жұмсағанын айтты. Сонда баласына мектеп формасын 35 мың теңге жұмсағанын мәлімдеген.
"Бірнеше ақ көйлек, шалбар, костюм, галстук алдық. Балам жаңа оқу жылына дайын. Барлығына 35 мың (теңге) шамасында кетті", - деді Аймағамбетов.
Оның айтуынша, дүкенге келушілер көп болған. Таңдау қазақстандық өндірушінің өніміне түскен.
"Біз де басқалар сияқты кезекте тұрып, киіп көрдік. Барлық отбасылар сияқты біз де мектепке дайындықты бастадық", - деп қосты министр.
Кейін ол түбіртектің фотосын жариялады.
"Ұлым мемлекеттік мектепте оқиды және оқу жылына басқа ата-аналар сияқты дайындаламыз. Жексенбіде ұлым екеуіміз дүкеннен 36 000 теңгеге жейде, костюм, шалбар және галстук сатып алдық. Түбіртектен заттардың құнын және оның жалпы сомасын есептеп көруге болады. Сондай-ақ, мектеп формасынан бөлек шамамен 20 мың теңгеге портплед сатып алынғанын да байқауға болады", - деп жазды министр Facebook-парақшасында.
Ерболат Досаев
Алматы әкімі Ерболат Досаевтың отбасы да күніне бірнеше рет жарықсыз отырады екен.
Фото: Тұрар Қазанғапов
Әкіммен кездесуде "Достық" ықшамауданындағы үйлердің бірінің тұрғыны жарық қайта-қайта сөнетініне шағымданды. Әйелдің айтуынша, кейінгі бір айда күн сайын бір уақытта электр жарығы өшіп қалады. Бұған жауап ретінде әкім Досаев өзі де осындай мәселеге тап болғанын атап өтті.
"Менде де өшеді. Мен пәтерде тұрамын, күніне бірнеше рет жарықты үзіп тастайды. Айтайын дегенім: "Алатау Жарық Компаниясы" мәселесі - желілердің жағдайы. Мұны анық білемін", - деді мегаполис басшысы.
Саясат Нұрбек
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек балалары неге Кипрде оқитынын айтты. Себебі Қазақстандағы жеке мектептерде оқытуға ақшасы жетпейді екен.
Фото: amanatpartiasy.kz
Үкімет отырысынан кейін журналистер жаңа министрден балалары қайда оқитынын сұраған.
"26 маусымда олар Қазақстанға қайтады. Сізге олардың осында екені туралы фото есеп беремін. Өзім асыға күтіп жүрмін. Үш себеп бар: біріншісі - әйелімнің және балаларымның медициналық жағдайы. Нақты медициналық қорытынды бар, белгілі бір проблемалар бар. Екіншіден, өкінішке қарай, оларды осында (Қазақстанда) қаржылай жағдайға байланысты жекеменшік мектепте оқыта алмадым. Үшіншіден, бұл ұлыбританиялық форматтағы өте жақсы мектеп (Кипрде). Бірақ алаңдамаңыздар. Мен сіздерге тағы да ашық айтамын, 26 маусымда олар Қазақстанға оралады", - деген еді Саясат Нұрбек журналистерге.
Серік Жұманғарин
Сауда және интеграция министрі міндетін атқарушы Серік Жұманғарин таяуда қант тапшылығына қатысты пікірін айтқан. Сонда журналистер сұрағына шайды қантсыз ішетінін айтып жауап берген.
"Мен кеңес кезінде әскери борышымды өтедім. Ол кезде қант бермейтін. Мен қара шайды қантсыз ішемін, әрине, тосап қосамын, - деді Серік Жұманғарин.
Сауда министрлігін бұған дейін басқарған Бақыт Сұлтанов та қантпен шай ішпейтінін айтқан еді. "Шайды қант емес, балмен ішемін" деген сөзі халық арасында қызу талқыланған болатын.
Миржан Сатқанов
Орал әкімі Миржан Сатқанов та халық жағдайын түсінетінін айтқан. Көпбалалы отбасынан екенін айтқан ол бәрі қымбаттап жатқанына шүйліккен.
Фото: gov.kz
"Біз көпбалалы отбасымыз. Алты адам бар. Азық-түлікті әйелім сатып алады және оның айтуынша, бәрі қымбаттап жатыр. Тұрмыстық химия заттарына қанша кететінін айта алмаймын, ал азық-түлікке шамамен 200 мың теңгедей кетеді", - деген еді әкім журналистермен кездесуде.
Ол пандемияға дейін азық-түлікке айына шамамен 100 мыңдай жұмсағанын айтқан.
Оңдасын Оразалин
Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин де сәуірдегі сұхбаттарының бірінде қарапайым халықтың бір өкілі екенін білдірткен. Дәлірек айтқанда, ол тапқан табысын әйеліне беріп отырады екен. Ол журналистердің азық-түлікке қанша жұмсайсыздар деген сұрағына солай жауап берген еді.
Фото:gov.kz
Өңір басшысы КТК телеарнасына берген сұхбатында Ақтөбеде азық-түлік қанша екенін айта алмаған.
"Өзімнің бүкіл табысымды жолдасыма беріп қоямын. Банк картасын пайдаланатын да сол кісі", - деді Оразалин.
Әкім сол кезде азық-түлік қымбаттап жатқанын мойындаған, тек сырттан келетін көкөніс, қант пен майдың құнын тұрақтандыра алмай отырғанын айтқан.