“Шенеуніктер қадағаламай отыр не өздері де қатысып отыр“: жеке мектептердегі заңсыздық әшкере болды

“Шенеуніктер қадағаламай отыр не өздері де қатысып отыр“: жеке мектептердегі заңсыздық әшкере болды
Фото: depositphotos.com

Үкімет жекеменшік мектептердегі бюджет қаражатын жымқыру ісі бойынша аудиторлық тексерістің алдын ала қорытындысын жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, жекеменшік мектептер саны 2020 жылы 203-тен 2025 жылы 878-ге дейін артқан, ал оқушылар саны бес жыл ішінде алты есеге, яғни 53 мыңнан 322 мың балаға дейін өскен.

Сондай-ақ, бұл бағыт бойынша бюджет шығыны 2020 жылғы деңгейден (13,3 млрд теңге) 20 есе асып, 248 млрд теңге болған.

2025 жылдың соңына дейін жекеменшік мектептерді қаржыландыру жүйесі бытыраңқы әрі бақылаусыз болғаны, бұл деректер бұрмалануына және бюджет қаражатын теріс пайдалануға жағдай туғызғаны айтылды. Осыған байланысты былтыр Оrta-bilim.e-qazyna цифрлық платформасы іске қосылды.

Қаржы министрлігі жекеменшік мектептерді қаржыландыруға жүргізген аудит барысында бірқатар заңбұзушылықты анықтаған:

  • тіркелу арқылы оқушылар санын көбейту;
  • ғимараттардың нақты сыйымдылығын есепке алмай оқушы орындарының санын негізсіз асыра бағалау (сыйымдылықтан 3 есе асып кету);
  • бюджеттен қаржы алу және салықты азайту үшін салық есебінде кірісті кем көрсету арқылы еселенген пайда табу;
  • күрделі жөндеудің орнына қарапайым және косметикалық жөндеу жүргізу (жобалау және смета құжаттары болмаған жағдайда).

"Қаржы министрі заңбұзушылықтардың көптеген дерегін келтірді. Заңбұзушылықтар мемлекеттік органдардағы лауазымды тұлғалар қадағаламауынан немесе олардың тікелей қатысымен болып отыр", - деп жазылған мәліметте.

Еске салайық, бұған дейін елімізде жеке мектептерге қойылатын талаптар өзгеретіні хабарланды. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget