Бүгін аудан тұрғындарымен кездескен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов халықты сумен жабдықтау жұмыстарының барысын айтып берді.
"Ауданда 34 елді мекеннің 32-сі сумен қамтамасыз етілген. Тұрғындардың суға қолжетімділігі 98,4%-ды құрайды. Биыл Шемонаиха қаласының 11 және 12 ықшамаудандарында су құбыры желілері қайта жаңғыртылды. Березовка және Большая Речка ауылдарында су жүйелерінің құрылысы аяқталуға жақын", - деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ осы жылы жергілікті бюджет есебінен Первомайский кентінде, Барашки ауылында, Шемонаиха қаласында су желілері жөнделді.

Сондай-ақ облыс әкімі халықты интернетпен қамту жайлы да сөз етті. Қазіргі уақытта Шемонаиха жұртшылығының 95,1%-ы астамы интернетке қосылған.
"Екі мыңнан астам адам тұратын 9 елді мекенде байланыстың болмауына немесе сапасыздығына қатысты арыз-шағымдар түсіп жатыр. Большая Речка және Медведка ауылдарында бюджет қаражаты есебінен антенна-мачталық діңгектер құрылысы аяқталды. Қалған ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету 2027 жылға дейін кезең-кезеңімен, "Қолжетімді интернет" ұлттық жобасы аясында байланыс операторларымен бірлесіп жүзеге асырылады", - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Аудандағы 6 мектепті жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету мақсатында Starlink орнатылған. Көлік жолдарындағы байланыстың жоқтығы мәселесін шешу үшін биіктігі 60 метрлік антенна-мачталық діңгекті республикалық тасжол бойында орнатуға жобалық құжаттама әзірленуде.
ШҚО әкімдігі ұсынған материал
Massaget.kz