"Шелек толы - үлкен дәрет". Шымкентте әйел алты қызын мұғалім алып кеткенін айтты
Шымкенттік Мәдина Кемпрекова алты қызын мұғалім үйінің терезесінен алып кеткенін айтады. Бұл мәселе "Көреміз" бағдарламасында көтерілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мәдина Кемпрекова 16 жасында тұрмысқа шыққан. Кейін ажырасып, пәтерге көшіп кеткен. Одан кейін атыраулық ер адамға тұрмысқа шыққан. Бұл некеден екі балалы болған. Алайда ол жол апатынан қаза болған. Оның қыздарының бесеуі мектепке барады. Алайда 30 қаңтардан бері қыздары жанында емес. Ананың айтуынша, Жанар Дүйсебаева есімді мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары үйінің терезесінен кіріп, қыздарын алып кеткен.
"Мектепке жібермедің" деген ескерту болған. Қыздар ауырып жатқанын айттым. Бесеуі бір мектепте оқиды. Тәртібі, тәрбиесі жақсы. 21 күн қыздарымды сабаққа жібермедім. Бір-бірімізден тұмауымыз жұқты. Өзім де ауырып жаттым. Апайларына қыздар жазылған соң ауырғаны туралы құжатпен жіберетінімді айттым", - дейді ол.
Видеодан алынған кадр
Алайда әйел қыздарымен бірге ауруханаға бармаған. Тек қашықтан дәрігерлерден қандай ем алу керек екенін сұраған. Ал 23 қаңтарда әлеуметтанушы, екі мұғалім, учаскелік полицей келіп, алты қызды алып кеткен.
"Қыздарыма шұлық ештеңе кигіздірмеді. Мені екі жағымнан полиция қызметкері ұстап тұрды. Әкелері қайтыс болған. Төртеуінің әкесі бір. Екеуінің әкесі бір", - дейді ол.
Олар алты қыздың анасы үйді тазалау керек екенін, үйдің құжатын алып келуі керек екенін айтқан. Сонда ғана қыздарды беретіндерін жеткізген.
"Ана ретінде алты қызға өмір сыйладым деп ойлаймын. 25-інде Қалалық білім басқармасына мәлімет тапсырдым. Санитария талаптар мүлде сақталмаған, сыртта қаңғырған иттер жүр. Демеушілер берген еттер далада жатқанын, ит-құс жеп жатқанын көргеннен кейін баяндауға тура келді", - дейді №19 жалпы орта мектептің директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
Видеодан алынған кадр
Ал әйел бұл кезде жаңа пәтерге әлі орналасып болмағанын айтты. Кейін үйі таза болмағанын мойындады.
"Бұл жағдайлар болды. Үйіме қарамағаным рас. Анам қайтыс болғаннан кейін өз-өзімді тастап жібердім. Үй таза емес екеніне, қыздарды 21 күн сабаққа жібермегеніме өзім кінәлімін. Ал қыздарды алып кеткеніне Жанар ханымды кінәлаймын", - деді кейінірек ол.
Мұғалімнің сөзінше, оқиға 25 қаңтарда болған.
"Қыздар сабаққа келмейді. 2015 жылы біздің мектепке келді. Үлкен қызы 9-сыныпта оқитын Валида ол кезде 3-сыныпта оқитын. Ол кезде үш қызы болды: Валида, Сымбат, Қымбат. Қалған үш қызды мектеп аумағындағы мөлтекауданда пәтер жалдап тұрғаннан кейін өмірге әкелді. 2015 жылдан бері ескертумен шектеліп келе жатырмыз. 2015 жылдан бергі құжаттарым бар. Мешітте қайыр сұрап жүріп те ұсталды. Қыздарымен қайыр сұрайды. Бұл кісі жетіншісіне аяғы ауыр. Ербол деген жігітпен тұрды. Қорқасың ғой, алтауы да қыз. Мына кісі қорғансыз. Ана жігіт ішімдікке құмар екені көрініп тұрды. "Кейін көшіп кетті" деді. Жолда үш нөміріне хабарластым. Жауап бермеді. Барсақ, сырттың бәрі - өлексе, шелек толы - үлкен дәрет. Соның бәрін көрдік. Қарасам, сыртқы перде жыбыр ете қалды. Есікке құлып салып қойған. Терезеге жүгіріп барсам, жалаң бұт қыз отыр. Ашып жібердім. Ербол жоқ үйде. "Қыздар қырылып қалған шығар" деп ойладым. Сөйтсем, алтауы түгел жатыр. Мадина төрде жатыр", - дейді мұғалім.
35 жастағы әйел қайыр тілегенін мойындады. Алайда, оның айтуынша, бұған дейін түрлі жерде жұмыс істеген. Сондай-ақ, былтыр Ербол есімді жігітке азаматтық некеге тұрғанын жеткізді. Кейін соққыға жығылған соң екіге кеткен.
"Үлкен қызым мектепке барғысы келмейді. Мұғалімдері мектепке барса, оқушылардың алдында "шашыңды жөнде, бүйтіп келме" дейді екен", - дейді әйел.
Мұғалімдер бірнеше рет осы оқиғадан кейін тексеріске барғанын айтты. Ал шымкенттік келіншек енді мұндай жағдай қайталанбайтынын, қыздарын өзі алатынын мәлімдеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова