Бразилиядағы Федералды Висоза университетінің ғалымдары бразилия жаңғақтарын күнделікті тұтыну ішектің қорғаныш қызметін жақсартатынын және ағзаны қабынудан қорғайтынын анықтады. Зерттеу нәтижелері Journal of Nutrition журналында жарияланған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Газету.Ru"-ге сілтеме жасап.
Зерттеуге артық салмақ пен семіздікке шалдыққан 46 әйел қатысты. Еріктілер екі топқа бөлінді. Сегіз апта бойы екі топ та калория мөлшерін бақылап отырды, алайда қатысушылардың жартысы күнделікті рационға күніне екі бразилия жаңғағын қосып отырса, екінші топ оларды мүлдем жемеді.
Тәжірибе аяқталғаннан кейін ғалымдар ішек саулығының негізгі биомаркерлері мен қатысушылардың ағзасындағы қабыну деңгейінің қалай өзгергенін қадағалады. Жаңғақтарды тұтынатын топта ішектің қорғаныш функциясы сәл жақсарғаны белгілі болды.
Ішектің қорғаныш функциясы ішектің қалыпты өткізгіштігіне жауап береді, яғни ол токсиндердің, тағамдық антигендердің және микроорганизмдердің енуіне жол бермейді.
Сондай-ақ ғалымдар бразилия жаңғақтары ағзадағы қабыну деңгейін төмендететінін анықтады. Зерттеушілердің ойынша, мұндай пайдалы әсер олардың құрамындағы селен элементіне байланысты. Бұл қоректік зат антиоксиданттық қасиетке ие: жасушаларды зақымданудан қорғайды және тіндердің тозуын баяулатады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз