Марқакөл өңірі өз алдына аудан болып құрылмақ. Маңайында халқы сиреп, қаңыраған ауылдар бар. Оның бірі – Ақбұлақ. Десе де жергілікті азаматтар соны тұрғындармен толтырып, шекара маңын бос қалдырмауды мықтап қолға алып келеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бастаманы бір кісідей қолдады
Осы елдімекеннің тумасы, кәсіпкер Бауыржан Жауғашаров шекара жақты қаңыратпаудың тиімді тетігін қоғам, билік және бизнестің бірігуі негізінде табуға болады дейді. Ақбұлақта кіндік қаны тамған кәсіпкерлер мен белсенділер мұны көп сөзге келместен қолдаған көрінеді. Жалпы, Марқакөл өңірінің халқы қазір 8 мың адамға жетер-жетпес.
"Былтыр қыркүйек айының 5-і күні Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150-жылдығы аясында ауыл тұрғындарына үндеу жасадым. Өзім алашордашылардың өмір жолымен танысып, қанатты сөздерін көңілге тоқығанды құп көремін. Ал бастаманың негізі президенттің "Іскер азаматтар ең бірінші өзінің туған өлкесіне көңіл бөлуі керек. Сонда ғана өркениетті қоғам құрамыз" деген сөзінен соң қалыптасты. Алдымен жоспар құрып, жоспар бекітсек қалғанын дөңгелетіп әкету қиын болмас деп ойладым. WhatsApp желісінде ауылдастардың "чаты" бар, сонда тұрғындар бір кісідей қолдай түсті", – деді Бауыржан Сағымбайұлы.
Ауыл халқы түтін саны кеміген Ақбұлақтың тірлігі алға басу үшін алдымен мектеп жабылып қалмауы тиіс дегенді сөз етті. "Ол үшін халықты әкеліп толтырған жөн" десті. Бауыржан Жауғашаров қаңырап тұрған жерде тиісті жағдай жасалмайынша, көпшілік келмейтінін бірден айтқан. Ауылдағы қирап тұрған монша, қора, үйлерді сүріп, орнын тегістеп, кәрі ағаштарды құлатты. Орнына қайың егіліп, қор құрылып, ауылды дамытудың кезеңдері әрі қарай өрби түсті.
"Жұмысшы күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті қоныс аудару тәртібі" туралы Әділет порталында ап-анық жазылған. Осы заңды мұқият оқып шығып, тұрғындарды тартатындай етіп мәтін дайындадым. Ол республика көлемінде таралды. Көшіп келетін адамға көтерме ақы төлеу, жұмыспен қамту сынды бөліктерін оқыған олар үздіксіз хабарласып, осы уақытқа дейін 300-дей адамнан қоңырау түсті", – деді Бауыржан Сағымбайұлы.
Ауылға серпіліс беру хақында бағытын айқындап алған белсенділер көші-қон қызметтері бойынша аудан орталығына барған. Күршім бойынша 37 адамға квота берілген екен, ақбұлақтықтар бірден 31 адамның нормасын орындады.
"Ауылда бос тұрған 14 үй бар. Біз соның 10-ын ала аламыз. Идея ұсынғаныммен, тұрғындар мен белсенді топ мүшелері де аянып қалып жатқан жоқ. Айталық, Самат Ақатанов ағамыз қорға қаражат жинап, ауыл тумалары атынан көмегін берді. Мектеп директоры Сәуле Бектемірова тиісті жағдай жасауға қолұшын созса, досымыз, С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дағы профессор Досым Ерболатұлы құзырлы органдармен хат алмасып, слайд жасады. Үзеңгілес жүріп өз міндеттерін тиянақты атқарған Әлихан Құрманов пен Қанат Базарқұловқа рахмет", – деді ақбұлақтық азамат.
Көпбалалы отбасылар – ауыл көркі
Азаматтар көпбалалы отбасылар көшіп барса, Ақбұлақтың көркі кіретіндігіне сенімді. Себебі ауылдастар бірінші кезекте "мектеп жабылып қалмаса екен" дейді. Қуаныштысы сол, 9 жылдық болып сақталып қалды, штат қысқармаған. Қазір 23 оқушы бар шағын орталықта бес бүлдіршін тәлім алады. 300-ге тарта қоңырау түсті десек, бірқатар адаммен нақты келіссөздер жүргізілді. Тіпті, Оңтүстік өңірдің сегіз жанұясын 8 жеңіл көлікпен Жаңғызтөбеден күтіп алып, Ақбұлаққа апарды. Жағдаймен таныстырды, жол шығыны ауыл қорынан төленді.
Қызылорда облысына қарасты, Арал қаласынан қоныс аударған Задагүл Жұмабай қазір Ақбұлақтағы медпунктте фельдшер болып жүр. Көпшіліктің айтуынша, тәжірибелі һәм білікті маман. Ал қираған үйлер ауыл тұрғындарының күш салуымен қалыпқа келтірілген. Сатып аламын деген тұрғынға үкімет жарты ақшасын төлейді. Жергілікті шаруа қожалықтары жанұяларға сойып жегенге ұсақ мал берген.
Ауылдан 17 шақырым жерде фабрика, кен орны бар. Әкімдіктен бастап, мектеп ұжымы мен белсенділер көмек беруге әзір.
Бауыржан Жауғашаров бастаған топ дайындаған мәтінде "Дипломмен ауылға" бағдарламасы аясында өңірлерден мамандар іздестірілетіндігі жазылған. Ол үшін мемлекет тарапынан көмектер беріледі. Мәселен: 100 АЕК бір реттік көтерме (345 мың теңге); тұрғын үй алуға, үй салуға 0,01% несие қарастырылмақ; еңбекақысына 25% үстемеақы қосылады. Бұл бағдарламадағы көмектерді алу үшін үш жыл осы ауылда тұрақтау керек.
Бұл ретте отбасыларды Алматы, Шымкент қалаларынан бастап, Қызылорда, Маңғыстау, Жамбыл, Жетісу, Түркістан, Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан шақыру көзделген.
Азаматтар мен ауыл жұрты жан-жаққа сауын айтып, өлкенің өміршеңдігін арттыруда нақты қадамдар жасап жатыр. Қаңыраған үйлер тұрғындармен толмақ. Ал Ақбұлаққа ат басын бұрғандар әлі толастамады.
Асыл Бигелді
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!