Журналист, тревел блогер Өркен Кенжебек Бердібек Сапарбаев туралы естелігін бөлісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы ол Facebook-парақшасында жазды.
"Бердібек аға сол күйі атымды жаттай алмай кетті. "Әй, блогер бала, бері кел!" дейтін. Кейінгі рет Президенттің биылғы ауызашарынан соң автобустан телефон алар жерге жеткенше біраз әңгімелесіп үлгерген едік. Дилі еді. "Сізге ешкімнің реніші жоқ шығар, барыңызды бердіңіз. Енді тәжірибеңізді жастарға үйретіп кетсеңіз барынша" дегем соңында. Себебі кейінгі уақытта Мемлекеттік басқару академиясында сабақ беріп жүргені бар еді. Ал менің Нұрсұлтан, Мұратхан, Оспан деген інілерім (сол академияның студенттері) "Бердібек ағаның лекциясы үшін ғана сабаққа баруға болады ше, күшті" деп қолпаштайтын. Осы жағын да айтып ем, мақтау кімге жақпайды, қомпаңдап қалды. Ағамен естен кетпейтін бірнеше естелік бар, бір-екеуін жазайын.
⠀
2011-2014 жылдар. Бердібек аға Шығыс Қазақстан облысының әкімі боп тұрғанда жиі бардым. Өскеменде этнопарк ашылғанда таныстырып жүр ғой алдыға түсіп ап, біз жап-жаспыз, бірақ, адымына ілеспейміз. Ішімнен өзіме ызаланамын. "Мына егде кісіден оза алмадым-ау" деп.. Қатонқарағайға екі рет тікұшақпен ұштым ол кісімен. Сол тікұшаққа мінерде әлде түсерде айтқан әңгімесі ғой - "Өскеменге келе салысымен биік жотаның басына "Қазақстан" деп жаздырып қойдым. Жергілікті тұрғындар қай елде тұрып жатқанын үнемі есінде ұстап жүрсін деп.
⠀
2019 жыл. "Хабардағы" соңғы жылым-ау. Бердібек аға еңбек және әлеуметті қорғау министрі болып тұрған кезі, сосын вице-премьер Гүлшара, денсаулық сақтау министрі Елжан бар, Ақтөбе, Атырау, Ақтау қалаларында көпбалалы аналармен кездесуде жүрдік. Ербол Мәндібек бар, айтпақшы. Атырауда ма, графиктен кешігіп жатырмыз. ЦОН-ға ма, кешігіп келдік. 3-5 минутқа бас сұқты да, делегация келесі нысанға жөнкіліп бара жатқан еді, Бердібек аға сол қапталда әдемі фон ретінде тұрғызып қойған және тұрғанына точно 2-3 сағат болған апаларды байқап қалды да қасына кідірді. "Қалайсыздар? Бәрі жақсы ма? Сіздер мына жастарға айтыңыздар, өнеге беріңіздер" деп жақсы сөз айтқанда, алға кетіп, көлігіне отырғалы жатқан вице-премьер, министрлердің бәрі қайта келді. Он минуттай тұрып, апалардың көңілін жадыратып кетті де қалды. Байқампаздығын айтам да, басқа болса, елемес еді", - деп жазған ол.
Бұдан басқа, ол ұшақта болған қызығын айтты.
"Сол сапардың аяғы. Өкіметтің ұшағы Астанаға қонды. Біз ұшақтың артында, шымылдықтың ар жағында отырмыз. Басқа министрлер біз ұшақта барын да ұмытып кетті-ау, "сау болыңдар" да демей, шығып жатты. Жалғыз Бердібек аға ғана ұшақтың артына өтіп, "Әй, жігіттер, жарайсыңдар! Жақсы жұмыс істедіңдер. Мә, шай ішіңдер" деп қалтасынан умаждалған ақша шығарды. Ербол Мәндібек екеуіміз журналистпіз, екі оператор бар, сол 2000, 5000 теңгеден берді-ау қолымызға. Оған мұқтаж да емеспіз, ол да біздің сөзге мұқтаж емес. Қазақылық деуші ме еді, ауылдағы бір ықыласты ағалардың әрекетін көргендей болдым.
⠀
Сөйткен Бердібек ағамыз да бес облысты басқарып, саналы ғұмырында аттан түспей, ақыры арғы дүниеге аттанып кетіпті бүгін. Жақсы басшы болғаны жарайды, жақсы адам еді ғой... Мына фотоны 2013 жылы түсірген едім, компьютерімнен тауып алдым. Мен үшін Бердібек Сапарбаев осындай жайдары кейіпті қалады. Жаны Жәннаттан болсын! Жақсы көреміз сізді!" - деді ол.
Еске салайық, бүгін мемлекет қайраткері Бердібек Сапарбаев 71 жасына қараған шағында қайтыс болғаны белгілі болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Нұрсұлтан Назарбаев және танымал айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазы Бердібек Сапарбаевтың отбасы мен жақындарына көңіл айтты.
Бердібек Сапарбаев - Қазақстандағы бес өңірдің (Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Жамбыл облыстарының) бұрынғы әкімі, премьер-министрдің орынбасары, еңбек министрі, экономика ғылымдарының докторы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!