Шавкат Рахмоновтың мектебі ашылуы мүмкін. Түркістан облысының әкімі ұсыныс жасады
Түркістан облысында Шавкат Рахмоновтың мектебі ашылуы мүмкін. Бұл ұсынысты аралас жекпе-жектен әлемге танымал спортшыны қабылдаған облыс әкімі айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Аламан додада Алаш намысын қорғаған батырды Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қабылдап, сый-сыяпат көрсетті.
"Елімізде UFC турнирлерінің жанкүйерлері, көрермендері өте көп. Өзім де тамашалап тұрамын. Жастарға ғана емес, үлкендерге де жігер беретін азаматтардың бірі деп бағалаймын. Аралас жекпе-жекке қызығатын жастар көп. Сондықтан UFC жұлдыздарын даярлайтын мектеп ашуға дайынбыз. Түркістан өңірінен өз мектебіңізді ашатын болсаңыз, қолдау көрсетеміз", - деді ол.
Шавкат Рахмонов Түркістан қаласының қатты өзгеріп, ажарлана түскеніне тоқталды. Құшақ жая қарсы алған Түркістан жұртшылығы мен өңір басшысына ризашылығын жеткізді.
"Түркістанға былтыр да келгенмін. Жақсы өзгерістерді көрдім. Ыстық ықыластарын білдіріп жатқан жанкүйерлерге, жалпы ел-жұртқа рақмет. Алға қойған мақсатым - Қазақстанға чемпиондық белбеу алып келу. Бір жекпе-жектен кейін ол мүмкіндік жақындайтын шығар. 5-6 кездесу өткізіп, үздіктер қатарына ену - әркімге беріле бермейтін бақ. Өз салмағымдағы кез келген қарсыласпен жекпе-жекке шығуға дайынмын", - деді спортшы.
Ол бала кезінде спортпен алаңсыз айналысуға жағдай болмағанын, сондықтан ағашқа көрпе орап, соны теуіп дайындалғанын айтты. Бүгінде бар жағдай жасалғанын, сондықтан жастарға осы жолда үлгі көрсетіп, бағыт-беру үшін үлкен қалалардан өзінің жекпе-жек мектебімді ашуға деген ниеті барын да жеткізді.
Айта кетейік, Шавкат Рахмонов бүгінде UFC жүйесінде жартылай орта салмақтағы ресми рейтингінде 6-орында тұр. Ол аралас жекпе-жекте 17 рет кездесу өткізіп, соның бірде-бірінде жеңіліп көрмеген.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы