Шатырларды ұшырып әкеткен қатты жел: Жаңатаста төтенше жағдай жарияланды

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Сарысу ауданының Жаңатас қаласында қатты жел салдарынан бүлінген нысандарды аралады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. 

6 ақпанда екпіні секундына 32 метрге дейін жеткен қатты жел салдарынан үш көпқабатты тұрғын үйдің шатыры толық, 7 үйдің шатыры жартылай ұшып кетті. Сонымен қатар, 7 кәсіпкерлік нысанның шатыры бүлініп, шамамен 2 шақырым электр желісі үзілді.

gov.kz

"Апат айтып келмейді. Дегенмен табиғаттың тосын мінезіне әрдайым дайын болуымыз қажет. Аудандық деңгейде төтенше жағдай жарияланды. Апат салдарын жоюға қаржы қарастырылады. Зардап шеккендерге барлық көмек көрсетіледі. Жауапты тұлғалар қалпына келтіру жұмыстарына жедел кірісуге тиіс. Жұмыс бүгіннен басталуы керек. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда", - деді облыс әкімі.

Оқиға салдарынан зардап шеккен тұрғындар жоқ. Коммуналдық желілер штаттық режимде жұмыс істеп жатыр, әлеуметтік нысандарға зақым келмеген.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз