Шатырлар опырылып, электр сымдары үзілді: Қарағанды облысында дауыл соқты

Фото: Видео кадры

Қарағанды облысында дауыл соғып, салдарынан ғимараттардың шатыры опырылып, электр сымдары үзілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қарағанды облысында екінші күн қатарынан дауыл соғып жатыр. Бұл электр желілерін зақымдап, тоғыз ғимараттың шатырын жұлып әкеткен.

Өңірде ауа райына байланысты ескерту жарияланды. Облыстық ТЖД мәліметтері бойынша кейбір жерлерде желдің екпіні секундына 20-30 метрге жетеді.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Новости Караганды (@rec_krg)

7 қарашаға қараған түні Жамбыл, Сәтбаев, Абай, Костенко, Ерубаев, Сәрсеков көшелері мен Бұқар жырау даңғылы тұрғындарының бір бөлігі қатты жел салдарынан электр қуатынсыз қалды. Бір жарым мыңға жуық абонент пен 43 ұйым жарықсыз қалды.

Таңертеңнен бастап "Қарағанды жарық" мамандары электр желілерін қалпына келтіруге кірісті. Қалалық әкімдік мәліметінше, барлық үйге жарық қосылған.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от КАРАГАНДА / KARAGANDA / 09 (@karaganda_vkurse)

Сондай-ақ, облыста бір тәулік ішінде жел тоғыз ғимараттың шатырын бұзып әкетті. Оның ішінде үш үй Қарағандыда орналасқан.

Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ, бірақ комиссиялық тексеріс жүргізіледі. Ауа райының қолайсыздығын жою үшін облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жедел штаб отырысын өткізді.

"Ауа райы нашарлауына байланысты (боран, секундына 30 метрге дейін қатты жел) Қарағанды облысының кейбір елді мекендерінде электр желісі ажыратылды. Қазір жөндеу-қалпына келтіру бригадалары ақауды жою бойынша жұмыс істеп жатыр, басым бөлігі қалпына келтірілді. Электрмен жабдықтау бойынша жағдай бақылауда", - деп жазылған Қарағанды облысының әкімдігі хабарламасында.

Таңертең Осакаров ауданында Степное ауылынан он шақырым жерде қарлы боранда адамдар отырған көлік жолда қалып қойды.

Оқиға орнына құтқарушылар жетті. Көліктегі жеті адам құтқарылды. Оларға медициналық көмек қажет болмады, құтқарылғандар ең жақын елді мекенге жеткізілді.

Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті өкілдері тұрғындар мен қонақтарға ауа райының өзгеруі, енгізілген шектеулер туралы ақпаратты бақылауға кеңес берді.

Жауаптылар аймақ тұрғындарын аса бір қажеттілік болмаса, елді мекендерден тыс жерлерге шықпауға шақырды.

Еске салайық, бұған дейін өңірлерде күн суытып, қар жауып, салдарынан кейбір жолдар жабылуына байланысты шолу жасадық. Қай өңірлерде оқушылар онлайн оқитыны да хабарланды.

Кейін Павлодарда қатты желден ағаш құлап, 67 жастағы зейнеткерді мерт қылғаны хабарланды. 

Анықтама: Күн бұзылуына байланысты ҚР ТЖМ Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару командалық орталығында 8 (7172) 70-41-14, сондай-ақ Ақмола облысының ТЖД 8(7162) 52-09-50 жедел желісінің телефоны ашылды.

Республикалық жолдардағы жағдайды 1403 байланыс орталығына хабарласып білуге болады. Мамандар тәулік бойы қызмет көрсетеді. Алыс сапарға шығуды жоспарлаған азаматтар Kaztoll.kz сайтынан ауа райын онлайн бақылауға болады.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова