Шатырлар опырылып, электр сымдары үзілді: Атырауда дауыл соқты

Шатырлар опырылып, электр сымдары үзілді: Атырауда дауыл соқты
Фото: "Ақ Жайық"

Атырауда дауыл соғып, салдарынан ғимараттардың шатыры опырылып, үйлердің қасбеті құлап, электр сымдары үзілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Ақ Жайыққа" сілтеме жасап.

Басылымның мәліметінше, бүгін таңертең Нұрсая ықшамауданында үйлердің бірінің қасбеті құлап, кірпіштері аулаға шашылған. Алдын ала мәлімет бойынша, бұл уақытта маңайда адам болмаған, зардап шеккендер жоқ.

Тағы бір оқиға Алмагүл ықшамауданында болды: жел жұлып кеткен металл шатыр тұрақта тұрған Hyundai Elantra көлігінің үстіне құлаған.

Дауылды желден қалалық №1 емхананың ғимараты да зардап шекті. Жел екпіні шатырды жұлып әкетіп, оның бөлшектері жақын маңдағы тұрғын үйлерге ұшып түскен.

Сондай-ақ, қала көшелерінде үзілген электр сымдары байқалады. 

"Ауа райының нашарлауына байланысты (қар аралас нөсер жаңбыр жауып және қатты жел соғып) электр желілерінде апатты ажыратулар болды. Апатты және ұзаққа созылатын жарық өшулердің алдын алу үшін қызметкерлер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр", — деп хабарлады "Атырау Жарық" компаниясы.

Келтірілген шығын көлемі мен ықтимал салдар нақтыланып жатыр. Тұрғындарға сақ болу, көліктерді үйлердің маңына және әлсіз бекітілген құрылымдардың қасына қоймау, сондай-ақ, қатты жел кезінде мүмкіндігінше сыртқа көп шықпау ұсынылды.

Еске салайық, 14 желтоқсанда Қазақстанның барлық өңірінде ауа райына байланысты ескерту жарияланған. Синоптиктер қар, боран және көктайғақ болады деп болжаған.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек
Logotype Massaget