Шатырлар құлап, үйлер жарықсыз қалды: ШҚО-дағы дауылдың салдары қандай болды?

Шатырлар құлап, үйлер жарықсыз қалды: ШҚО-дағы дауылдың салдары қандай болды?
Фото: ШҚО әкімдігі

Шығыс Қазақстан облысында 5 сәуірге қараған түні дауыл болды. Ең көп зардап Риддерге тиген, қалада жел екпіні күшті болып, қалалық инфрақұрылым мен тұрғын үйлерге елеулі залал келтірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алдын ала деректерге сәйкес Риддерде электр беру желілері ішінара зақымданып, тұрғын және шаруашылық нысандардың шатырлары жұлынып, ағаштар мен түрлі құрылымдар құлаған.

"ДОСААФ ауданында Л-61 желісі ПС-1 қосалқы станциясынан апат жағдайында ажыратылуына байланысты шамамен 1237 тұтынушы электр қуатынсыз қалды. Қалпына келтіру жұмыстарына екі бригада жұмылдырылды, үшіншісі жасақталып жатыр. Жұмыстар күн соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр", - деп жазылған хабарламада.

Жедел әрекет ету штабы құрылған. Коммуналдық және апаттық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

"Азаматтардың өтініштері қабылданып, жедел қаралып жатыр. Жағдай жергілікті билік тарапынан бақылауда", - деп жазылған хабарламада.

Өскемен қаласында дауыл "Халифа Алтай" мешітінің күмбезіне зиян келтірді. Қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Қалада жел салдарынан құлаған ағаштар мен құрылымдар алынып тасталып жатыр.

Суреттер: ШҚО әкімдігі

Островский, Прибрежная, Демьян Бедный, Добролюбов, Сәтбаев, Ғ.Аязбаев көшелерінде түрлі заттар мен ағаштар құлаған. Қалалық алаңда да құрылымдар құлаған, соның ішінде Крылов көшесі, 45 мекенжайы маңындағы белгілер құлаған. Есенберлин көшесінде бағдаршам істен шықты, қозғалыс қолмен реттеліп жатыр. Серікбаев көшесі, 1/2 мекенжайындағы балкон түтіндеп, өрт тез сөндірілді, зардап шеккендер жоқ. 

"Жойқын зардаптарға қарамастан, барлық қызметтің үйлесімді және жедел жұмысының арқасында өңірде зардап шеккендер мен қаза тапқандар тіркелген жоқ", - деп жазылған хабарламада.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget