- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Шатырдың, шөптің үстінде...
"Шатырдың, шөптің үстінде отырмыз". Ақтөбе облысында бір ауыл су астында қалды
Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Қаратал ауылының тұрғындары тасқын судың ортасында қалды. Ойыл өзені тасып, ауылды түгел су басты. Қазір 400-ден астам тұрғын ауылдағы мектепте жан сауғалап отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тұрғындар қазір ауылдағы екі қабатты мектепті паналап отыр. Алайда мектептің де жертөлесі де суға толған.
"Түс мезгілінде ауылға су кірді. Лап қойған тасқын ауылды түгел алып кетті. Қазір тұрғындардың бір бөлігі, бала-шаға мектепті паналап отырмыз. Сыртта қалып қойғандар бар. Біреулері шатырдың үстінде, шөптің үстінде отыр. Олар жерге түсе алмайды. Жердің бәрі телегей теңіз. Әлі көмек келген жоқ. Бағана тікұшақ келді, бірақ қона алмай кетіп қалды. Төтенше жағдайдың екі адамын түсіріп кетті. Қазір не істеремізді білмей отырмыз? Мал қараусыз қалды. Газ жоқ, күні бойы жарық та болмады. Міне, жаңа ғана кешке мотормен қосты-ау деймін, жанды. Бізге көмек керек, тамақ жоқ", - деді ауыл тұрғыны Еламан Өтемсіов.
Шығанақ Берсиев атындағы мектеп директоры Гүлден Максимова мектепке 450 адам орналастырылғанын айтты.
"Ауылда сау үй қалмады. Сыртта жүзге жуық ер-азамат қалды. Халыққа дәрі-дәрмек, тамақ керек. Ешқандай көмек болмай тұр. Байланыс жүйесі үзілді. Мектептің екінші қабатына шығып, жан-жақпен хабарласып отырмыз", - деді мектеп директоры.
Су ортасында қалған тұрғындара уылға көмек жіберуді сұрайды.
Ал облыстық төтенше жағдай департаменті құтқару қызметінің жұмылдырылғанын хабарлады.
"29 наурыз күні Ойыл ауданы Шығанақ Берсиев ауылдық округі Қаратал ауылы еріген судың жиналуына және Ойыл өзенінің деңгейінің көтерілуіне байланысты ауылды су басты. Шығанақ Берсиевтегі эвакуациялық пунктіде 246 адам, оның ішінде 117 бала бар. Төтенше жағдайлар департаментінің күштерімен адамдарды эвакуациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ Талғат Бигелдинов әуе қорғанысы күштері әскери институтының тікұшағы жұмылдырылды" - деп хабарлады төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Кәмшат Қопаева
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан