Шымкентте балалардың сырғаларын ұрлаған бойжеткен ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Күдікті кішкентай құрбандарын көппәтерлі үйлердің ауласынан тапқан. Ол қыз балаларды "шашыңды әдемі етіп өріп беремін" деп көндіріп, құлақтарындағы алтын сырғаларды шешіп алып, бірден жасырып жүрген.
Үш күн ішінде ол қаланың кішкентай төрт тұрғынынан алаяқтық жолмен қымбат зергерлік бұйымдарды алдап алып, 300 мың теңгеге жуық шығын келтірген.
"Аталған қылмыстар туралы хабарлама алған әл-Фараби аудандық полиция басқармасының жедел уәкілдері дереу күдіктіні іздеуге кірісті. Полицейлер куәгерлерден болған оқиғалар туралы сұрастырып, қылмыс орнына жақын орналасқан бейнебақылау камераларының жазбаларын тексерді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 20 жастағы қыз қала аумағында ұсталды. Ол ұрлаған бұйымдарды ломбардқа өткізгені анықталды", - делінген хабарламада.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз