Астанада жеке сектор тұрғындары тезірек электр желілері маңынан алысырақ көшіруді сұрап отыр. Ондағы тұрғындар үйлеріне құлап кетуі мүмкін қисайған бағаналардан қорқады, оның үстіне жоғары қуатты электр желілері денсаулықтарына кесірін тигізіп жатыр деп есептейді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл желі бағаналары 1997 жылы салынған.
"Жергілікті билік сол кезде "Екі-үш жылдың ішінде жақын маңдағы үйлерді бұзамыз", "Сіздерге жаңа баспана беріледі" деп уәдені үйіп-төккен болатын. Бұл маңда тұратын адамдарда онкология, гипертония дерті жиі кездеседі. Ересектердің, тіпті балалардың шашы жиі түседі", - дейді Сырдария көшесінің тұрғындары.
Ал Астана тұрғын үй басқармасы мен тұрғын үй инспекциясы бұл көшедегі үйлер орналасқан маң – Биші Қайың көшесінен Жангелдин көшесіне дейінгі аймақ былтыр жол салу үшін көлік басқармасына берілгенін мәлімдеді.
"Мемлекет меншігіне өтетін аймақта 14 тұрғын үй (16 меншік иесі) бар. Барлық меншік иелеріне алдағы сатып алу туралы хабарланды, құқық белгілейтін құжаттарды жинау жүргізілді. Алайда, бағалау шаралары жүргізілген жоқ. Бұл нысандарға әзірше қаржы қарастырылмаған", - делінген ведомствоның жауабында.
Азамат Қойшығара
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!