“Шаш күтімін шығынсыз жасаңыз“. Қазақстандық Рапунцельдің ешкімге айтпаған әңгімесі

Алматы облысында шашының ұзындығы 2 метрді құрайтын ару тұрады. Оны көбі "қазақстандық Рапунцель" деп атайды. 20 жыл бойы шашына қайшы тигізбеген бұрымды қыз қазір шаш күтімі бойынша қыздарға кеңес беріп жүр. Massaget.kz тілшісі қазақстандық Рапунцельдің бұрын айтпаған кеңестерін тыңдап білді. 

Мөлдір Бекжан - Алматы облысы Ұзынағаш ауылының тұрғыны. Қазір орта мектепте ағылшын тілі пәнінен сабақ береді. 9 жасынан бастап шаш өсірген. Кішкентайынан ертегі ханшайымдарына қызығып өсіп, "менің де шашым ұзын болады" деп армандаған. Қазір бұрымы бойынан ұзын ару бала арманының орындалғанына дән риза. 2011 жылы 18 жасында Республикалық "Бұрымды қыз" телевизиялық байқауының жеңімпазы атанды.

 "Шашыма күтім жасағаннан рахаттанамын"

Мөлдір шашқа қатысты кез келген мәселені тыңғылықты зерттеп көрген. Әңгімесін тыңдасаңыз, нағыз трихолог маман дерсіз. Ұзын шашына күтім жасағаннан ләззат алатынын, шашын ерекше жақсы көретінін айтты ол. 

"Бәрі менен "ұзын шашқа күтім жасау қиын ғой, шаршамайсың ба" деп сұрайды. Керісінше, мен шашыма күтім жасағаннан рахаттанамын. Шаршамаймын, шаршаған да емеспін. Шашыма алғыс айтып, ерекше жақсы көремін. Аптасына тек бір-ақ рет жуамын. Майланып кетпейді. Адамдар өздері жиі жуып үйретіп алады ғой. Аптасына бір рет жууға да үйретіп алса болады. Сондай-ақ шаш кептіргіш қолданған емеспін. Ол өте зиян нәрсе. Ыстық ауа шашты одан сайын құрғатып жібереді", - дейді ол өзінің шаш күтімі жайлы. 

 Шығынсыз шаш күтімінің құпиясы

Мөлдір Бекжан шашқа күтім жасауда тек табиғи өнімді пайдаланады екен. Оның сөзінше, кез келген адам шаш күтіміне артық шығын жұмсамай-ақ үйде бар заттармен күтім жасаса болады. 

"Маған шаш мәселесімен көп қыз жазады. Олар кемі 20 мыңнан миллионға дейін ақша жұмсап, қосымша күтім заттарын сатып алып (маска, кондиционер) нәтижеге жеткісі келген. Алайда күткен дүниесі болмағасын, маған жазды. Мен оларға қарапайым лайфхактарымды бөлістім. 44 жастағы бір келіншек мен берген нұсқаулық бойынша шашын 2 рет жуып, нәтижеге жеткенін айтты", - деді бұрымды бикеш. 

 Шаштың түсуін қалай тоқтатуға болады?

Шаш түсуі - кез келген қыздың, тіпті жігіттер арасында да жиі кездесетін мәселе. Мөлдір ханымның көмегіне жүгінетін жандардың 90 пайызы осы дүниенің шешімін сұрайды. Ол тілшімізге бұл мәселемен күресуде қолдану керек табиғи масканы, күтім түрлерін тәптіштеп түсіндіріп берді. 

Шаш неден түседі?

  1. Күтімнің жоқтығы
  2. Ағзадағы жетіспеушілік
  3. Психосоматика 

Мөлдір ханымның айтуынша, шаш мүлдем күтім жасалмаған жағдайда не болмаса ағзада белгілі бір жетіспеушілік туындағанда түсіп бастайды. Ал кей жағдайда оның түсуіне психосоматика да әсер етуі мүмкін. 

Қандай маска қолданса болады?

  1. Зімбір суы
  2. Күріш суы

"Бұл менің фишкам" дейді Мөлдір ханым. Ол зімбір суын шаштың түсуіне бірден-бір көмектесетін маска деп атады. Қарапайым зімбірді сатып алып, үккіштен үгітіп, суын сығып аламыз. Шашыңызды жуып алғаннан кейін маска ретінде жағып, 1 сағат ұстасаңыз болды. Зімбір суына сарымсақ пен пияз суын да қосуға болады. Нәтижесі бір-екі жуғаннан білінеді дейді ол. Күріш суын да дәл осылай пайдаланса болады. 

Сусабын мен тарақтың маңыздылығы 

Сусабынға қатысты қыздар арасында қалыптасқан көп миф бар. Шаштың көп түсуінің сусабынға қатысы жоқ. Десе де, құрамында сульфаты аз, химикатсыз сусабын қолданған абзал. Ал тарағанда ағаш тарақ пайдаланған дұрыс. Себебі пластмасса немесе темір тарақтар шаштың жұлынуына әкеледі. Сондай-ақ шашты су кезінде мүлдем тарауға болмайды. Егер шатасады десеңіздер, жумай тұрып тарап алғандарыңыз жөн. Бұдан бөлек, тарақты таза ұстаңыздар! Тарақ кір болса, шаш та кірлене береді. 

"Шаш кептіргіш пен бұйралау, үтіктеуге арналған құралдар зиян" 

Мөлдір Бекжан шашын мүлдем шаш кептіргішпен кептірмейді. Жалпы бұл затты пайдаланбаған жөн дейді ол. Сондай-ақ шашты бұйралауға және үтіктеуге арналған құрылғылар шашты күйдіріп, қайраттылығын азайтады. 

суретте: күріш суы және зімбір суы, ағаш тарақтар мен оны тазалайтын құрал

"Балалардың ерте жастан шаш бояуы дұрыс емес"

Мөлдір Бекжан көп ата-ана балаларының қалауына еркіндік береміз деп, олардың денсаулығына кері әсерін беретін дүниеге жол ашып жатқанын түсінбейді дейді. Оның айтуынша, қазір мектеп оқушыларының арасында шашын түрлі түске бояп алатын 9-10 жасар қыздар көбейіп кеткен. Олар ерте жастан табиғи шаштарының қалпын жоғалтады.

"Кіп-кішкентай қыздардың қызыл-жасыл қылып шаш бояуы дұрыс емес. Соған рұқсат беріп отырған ата-аналар білсе екен: сіз қызыңыздың табиғи болмысына балта шауып жатырсыз және қайратты қалпын, химикатпен өлтіріп жатырсыз", - дейді ол. 

Сондай-ақ ол шаштың ағаруы және түсуіне ағзадағы пигменттердің азаюы себеп болатынын айтты. Мөлдір ханымның сөзінше, шаштың ұштануы, майлануы сынды ұсақ-түйек мәселелермен күресе алмай жүрген адам, одан күрделі мәселелерді шеше алмайды. Сол себепті алғашқы белгілерді байқап бастасаңыз, бірден қолға алған дұрыс.

"Қалыпты жағдайда 17-18 жастағы қыздардың шаштары түспеуі де, ағармауы да керек. Өкініштісі, бұл жағдай жиі кездесіп жатыр. Жап-жас кезінде бұл мәселемен кезіккен қыздың ертең ана болғаннан кейін өткеретін күйін елестету қиын. Сол себепті қыздар, шаштарыңызға, денсаулықтарыңызға ешқашан бейжай қарамаңыздар. Бірден байқалған кезде әрекет етіңіздер. Уақыт өткен сайын жағдай ушыға береді. Өз-өздеріңізді күтіңіздер. Өз денелеріңізді, әр бөлшектеріңізді шынайы сүйіңіздер", - деп түйіндеді әңгімесін ол. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!